Қазақстандық жалға алған көлігін 1,5 миллион теңгеге сатып жіберген
Фото: freepik.com
Абай облысында басқа біреудің көлігін сатқан ер адамға үкім шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сот мәліметінше, Үржар аудандық сотында ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен алаяқтық жасады (ҚК 190-бабы 2-бөлігі 4-тармағы) деп айыпталған ер адамға қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы өтті. Айыпталушы Алматы облысының тұрғынымен ауызша келісім негізінде Daewoo Nexia автокөлігін бір ай мерзімге жалға алған. Ол осы көлікті Үржар ауданына апарып, үшінші тұлғаға сату мақсатында фотоға түсіріп, WhatsApp топтарында көлікті 1,5 миллион теңгеге сататыны туралы хабарландыру жариялаған.
Үржар ауданының тұрғыны хабарландыруды көріп, сатушыға телефон соққан. Онымен кездесіп, көлікті көрген. Автокөлікті сатушы оның иесі ағасы екенін айтып, сатуға рұқсат бергенін жеткізген. Сотталушыға сенген ер адам ақшаны бөліп төлеуге келісіп, көлікті сатып алған. Оның 900 мың теңгесін банк қосымшасы арқылы төлесе, қалған 600 мың теңгесі ай сайынғы төлем ретінде төленуі тиіс болған Нәтижесінде сотталушының әрекетімен жәбірленушіге 900 мың теңге көлемінде шығын келтірілген. Сотталушы өз кінәсін және талап арызын толық мойындады.
Сот отырысында жәбірленуші жаза тағайындау мәселесін соттың қарауына қалдырып, 900 мың теңге материалдық шығынды өндіру туралы талап арызын қанағаттандыруды сұрады.
Сот ер адамның жасаған қылмысына шын жүректен өкінуін, кәмелетке толмаған балаларының болуын жеңілдететін мән-жай ретінде таныды. Сот қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайларды анықтаған жоқ. Сот үкімімен қазақстандық екі жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. 900 мың теңге материалдық шығынды өтеу туралы талап арыз қанағаттандырылды.
Сондай-ақ Астана тұрғыны өзіне тиесілі емес көптеген жалға алынған көліктерді сатты деген күдікке ілінді. Жәбірленушілер көліктер үшін бірнеше миллион теңге төлеген.