Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық заңсыз мигранттарға Оңтүстік Кореядан өз еркімен шығуға рұқсат берілді

Оңтүстік Корея заңсыз жүргендерге елге қайтуға мүмкіндік берді

Фото: pixabay.com

Қазақстан мен Оңтүстік Корея заңсыз мигранттарға арналған ерікті елден шығу бағдарламасының мерзімін ұзартуға келісті. Кореяда рұқсатсыз жүрген Қазақстан азаматтары елден айыппұлсыз және қайта кіруге тыйым салынбай кетуге мүмкіндік алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, бағдарламаны 2025 жылдың желтоқсанынан 2026 жылдың ақпанына дейін қолдануға болады. Ол 2025 жылғы 1 желтоқсанға дейін көші-қон заңын бұзған азаматтарға қатысты.

Бағдарлама қылмыс жасаған немесе мәжбүрлі түрде елден шығарылуы тиіс жандарға арналмаған. Шығу үшін паспорт, билет және өтініш қажет. Кореяның миграциялық қызметіне елге қайтатыныңыз туралы хабарды ұшудан 3–15 күн бұрын беру керек.



Министрлік шетелде заңсыз жұмыс істеу депортация мен айыппұлдар ғана емес, еңбек қанауы сияқты қауіптерге де әкелетінін ескертті. Сондықтан жұмысқа тек сенімді жолдармен лицензияланған агенттіктер, мемлекеттік бағдарламалар немесе ресми жұмыс берушілер арқылы орналасуды ұсынады.

Гүлсезім Мұхатай
Сейсенбі, 02 Желтоқсан, 2025 11:37