Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Air Astana аутизмге шалдыққан баланы апаттық шығу есігінің жанына отырғызбай қойған

ұшақ бортындағы жолаушыларФото: pixabay.com

Қазақстандық әлеуметтік желіде ұлының ұшақта алдын ала таңдалып, ақшасы төленген орынға отыра алмағанын айтып шағымданды. Оның айтуынша, балада аутизм спектрінің бұзылысы (АСБ) бар. Ал әуе компаниясы "диагнозға байланысты" оны апаттық қатарға отырғызуға тыйым салған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әуежайда тіркеу кезінде қызметкер ұлдың бұл орынға отыра алмайтынын бірден айтқан. Анасы қызметкерлердің баланың жағдайын, қабілетін, нұсқаулықтарды түсіну деңгейін анықтауға тырыспағанын жеткізді. 

"Біз бұл орынды алдын ала таңдап, ақшасын төлегенбіз. Ұлыма дәл сол жерде отыру ыңғайлы еді, әрі ол қауіп төнген жағдайда әрекет ете алады. Бірақ ешкім бізбен сөйлесуге тырыспады. Шешімді сыртқы көрінісіне қарап, қабылдады", – деп жазды әйел. 

Әйел аутизмі бар адамдардың әртүрлі екенін жеткізді. Оның сөзінше, олардың көбі өз-өзін толық қамтамасыз етіп, ұшу кезінде нұсқауларды орындай алады. Әйел қоғамды диагноздан емес, сұрақтан бастап сөйлесуге шақырды.

Air Astana әуе компаниясы жағдайға қатысты түсініктеме берді. Олардың мәліметінше, апаттық қатарға отырғызу халықаралық авиақауіпсіздік талаптарымен реттеледі. Бұл ережелер барлық жолаушыға бірдей қолданылады. Компания ұлға балама орын ұсынғанын да жеткізді.

"Бұл шара борттағы жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қабылданған. Бұл барлығына қатысты. Біз әрбір жолаушыға құрметпен қарап, барынша қолайлы жағдай жасауға тырысамыз. Апаттық шығу орнында отырғызудан бас тартылған соң, жолаушыға басқа балама орын ұсынылды", – делінген хабарламада. 



Оқиға әлеуметтік желілерде қызу пікірталас туғызды. Кейбірі әйелді қолдаса, енді бірі өз тәжірибесін жазды. 

“Ренжудің қажеті жоқ. Бұл борттағы барлық адамның қауіпсіздігі үшін жасалған”, “Апаттық шығу есігінің жаны жайлылық емес, қауіпсіздікке арналған. Апат болған жағдайда онда отырған адам тез әрекет етуге мәжбүр болады. Рейс алдында отырғандарға төтенше жағдайда не істеу керегі түсіндіріледі”, “Біздің қоғам ерекше адамдарды түсінбейді. Өкінішке қарай, біздің деңгейіміз – осы. Ұлыңызға жақсы сөздеріңізді айтыңыз. Біз де оны сол қалпында жақсы көреміз”, “Олар өз жұмысын орындап жатыр. Қауіпсіздік ережесі бойынша балалар апаттық шығу есігінің жанына отыра алмайды”, – деп жазды олар. 

Айта кетейік, бұған дейін Air Astana әуекомпаниясы ерекше баланың өлімі үшін өтемақы төлейтіні туралы жазған едік.

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 02 Шілде, 2025 13:10
Талқылау