Қара уылдырық және виски: Журналист қазақстандық министрлер үшін жұмсалатын миллиардтаған шығын туралы айтты
Қазақстандық шенеуніктерге арналған VIP ұшақ пен оған кететін шығын туралы айтқан отандық журналистің сынына ҚР премьер-министрінің баспасөз қызметі ресми жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Премьер-министрге және оның төрт орынбасарына жеке-жеке ұшақ қарастырылған. Сөзім дәлелді болуы үшін суретті қоса ұсынып отырмын. Бір қызығы, Үкіметтің авиациялық шығындары еш жерде айтылмайды. Президенттің іс басқармасына қарайтын "Беркут" авиакомпаниясының сайтына кіріп көріңіз, супер-джеттер туралы бір түйір ақпарат жоқ", - деді «Qazaqstan» телеарнасының бұрынғы тілшісі Ербол Мәндібек өзінің Facebook парақшасында.
Сондай-ақ, ол Үкімет мүшелерінің авиациялық шығындары туралы бейресми деректер барын алға тартты.
"Премьер-министрді, 4 вице-премьерді және министрлерді, Сенат пен Мәжіліс төрағаларын туда-сюда тасымалдауға жыл сайын республикалық бюджеттен 15 000 000 000-20 000 000 000 (он бес-жиырма миллиард теңге) қарастырылады", - деп мәлім етті ол.
Сонымен қатар, автор өз жазбасында атқамінерлерге ұшақ бортында түрлі тағамдар мен сусындардың ұсынылатынын тілге тиек етті.
"Орташа есеппен алсақ, соңғы он жылда келіп-кетіп жатқан пайдасы көк тиын Үкіметтің ұшып-қонуына ғана 200 000 миллиард теңгеге жуық ақша бюджеттен шығындалыпты. Бұған 19 министрліктің командировочный шығындарын қосыңыз", - дейді бұрын мемлекеттің БАҚ-та жұмыс істеген тілші.
Көп ұзамай тілшінің сыны мен айыбына Үкімет басындағылар жауап қатты.
Қазақстандық мемлекеттік БАҚ-тың бұрынғы журналисті әлеуметтік желілерде таратқан Үкімет мүшелерінің ұшу шарттары мен оларды тасымалдау қызметтерінің құны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды.
Ол жыл сайын премьер-министр мен оның орынбасарларының, сондай-ақ ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісі төрағаларының ұшақпен ұшуларына 15-20 млрд теңге көлемінде республикалық бюджеттен қаражат жұмсалады деп жазды.
Іс жүзінде 2021 жылға ҚР премьер-министрі мен премьер-министрдің орынбасарлары бастаған қазақстандық делегациялардың аса маңызды ұшу сапарларын (литерлік рейстерді) жүзеге асыруға 578 млн теңге мөлшерінде шығыс қаражаты қарастырылған.
Көрсетілген сома 2021 жылы көлік қызметтерін қамтамасыз етуге есептелген. Бұл ретте төлем қазақстандық делегациялардың орындалған нақты өңірлік және халықаралық ұшу жағдайлары бойынша төленеді. Мысалы, 2020 жылы осы мақсатқа 578 млн теңге қарастырылса, іс жүзінде 275,6 млн теңгеге жұмсалды.
Премьер-министр мен премьер-министрдің орынбасарларында тек оларға бекітілген жеке ұшақтар жоқ. Ұшақ арқылы жүзеге асырылатын сапарлар еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін шешу үшін ҚР өңірлері ішінде, сондай-ақ Мемлекет басшысының шет елдермен, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ және басқа да бірлестіктер аясында экономикалық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында таяу және алыс шетел мемлекеттеріне тек қызметтік мақсаттарда орындалады.
"Кестесіз жолаушыларды тасымалдау бойынша әуе көлігі қызметтерін (ішкі және халықаралық)" ҚР ПІБ "Бүркіт" мемлекеттік әуе компаниясы" ШЖҚ РМК көрсетеді.
Министрлер бастаған қазақстандық делегациялардың ұшу сапарларын коммерциялық әуе компанияларының рейстік жолаушылар ұшақтары жүзеге асырады. Қазақстандық мемлекеттік БАҚ-тың бұрынғы журналисті ұшақта қызмет көрсетуге қызыл және қара уылдырық, арақ пен виски, экзотикалық жемістер кіретінін жазды, бұл да шындыққа жанаспайды.
Ұшу ұзақтығы 1 сағатқа дейін болған жағдайда жолаушыларға алкогольсіз салқын сусындар мен снэктер, ұзақтығы 1-3 сағат болған кезде ыстық тамақ пен ыстық сусындар (шай, кофе) беріледі. Бортта тамақтандыру әрекет етіп тұрған заңнамаға – "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" ҚР Заңына, жолаушыларды, багажды және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау қағидаларына және басқа да нормативтік құқықтық актілерге сәйкес ұсынылады.
Осылайша, қазақстандық мемлекеттік БАҚ-тың бұрынғы журналисті таратқан ақпарат шындыққа жанаспайды. Өкінішке қарай, бұл ‒ фактілерді бұрмалаудың және қоғамдық резонанс тудыру үшін жалған ақпарат таратудың тағы бір жағдайы.