Қазақстандық суретші TikTok нұсқасы бойынша әлемнің ТОП-50 креаторы қатарына енді

Көпшілікке Ассоль лақап атымен танымал алматылық суретші Әсел Сабыржанқызы TikTok жариялаған The Discover List 2026 тізіміне енді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Былтыр бұл тізімге Жетісу облысы Алакөл ауданындағы Достық ауылынан шыққан орыс тілі пәнінің мұғалімі Ботагөз Омарова кірген еді. Ұстаз TikTok-та білім беруді қызықты әрі танымды форматқа айналдырып, кең аудитория жинады. Ал биыл платформа шығармашылық саланың өкілін таңдады.
Әсел Сабыржанқызы кім?
Суретші Әсел Сабыржанқызы дәстүрлі өнер формаларын жаңаша пайымдап, оларды digital кеңістікте насихаттап жүрген автор ретінде “Innovators” санатына енді. Assolya шығармашылығының негізгі шабыт көзі – қазақ мәдениеті.
Ол өзіне тән Carpet Art техникасымен кілем бетіне ауқымды көркем туындылар салып, дәстүрлі сәндік-қолданбалы өнер бұйымын заманауи визуалды өнерге айналдырады. Суретші еңбектерінде қазақ дәстүрлері, түркі тарихы және көрнекті тұлғалардың бейнелері кеңінен көрініс табады. Оның жарқын жобаларының бірі – Ұлы дала ханымдарына арналған серия. Бұл жұмыстар жоғары нақышымен, күрделі композициясымен және ұлттық ою-өрнектің байлығымен ерекшеленеді.
Сонымен қатар автор әлемдік жұлдыздардың портреттерін де өз техникасында бейнелеген. Олардың қатарында Дженнифер Лопес, Килиан Мбаппе, Джеки Чан және Димаш Құдайберген бар. Кейбір туындыларын суретші жұлдыздардың өзіне табыстап, бұл жоба халықаралық БАҚ назарын аударып, шетелдік аудиторияның қызығушылығын тудырды.
“Мен үшін The Discover List тізімінде Қазақстан атынан шығу – үлкен мәртебе. Ұлттық нақыштағы өнердің де заманауи үнге ие болып, әлемге түсінікті бола алатынын көрсетуге әрдайым ұмтылдым. Шығармашылығымның елден тыс жерлерде де қолдау табуына қуаныштымын және ол қазақ мәдениетіне жаңа көзқарас қалыптастыруға ықпал етеді”, – дейді Assolya.
The Discover List деген не?
The Discover List 2026 – аудиторияны шабыттандырып, жаңа трендтер қалыптастырып жүрген креаторларды анықтауға бағытталған халықаралық жоба. Авторлар бес санат бойынша ұсынылады:
-
Educators (Оқытушылар) – өз білімін аудиториямен бөлісетін авторлар.
-
Foodies (Гурмандар) – ерекше аспаздық контент жасайтын креаторлар.
-
Icons (Иконалар) – цифрлық мәдениет пен тренд көшбасшылары.
-
Innovators (Инноваторлар) – форматтармен тәжірибе жасап, тың контент ұсынатын авторлар.
-
Originators (Кәсіпкерлер) – TikTok арқылы өз өнімін креативті түрде дамытып, қауымдастық қалыптастыратын бизнес иелері.
Тізімге енген креаторлар аудиторияның белсенділігі, жазылушылар санының өсуі, қаралым, лайк және TikTok ішіндегі әрі сыртындағы танымалдық көрсеткіштері негізінде іріктелді. Іріктеу барысында трендтерге ықпалы мен оқырманмен өзара байланысы да сарапталды.
2026 жылғы тізімде Қазақстан өкілінен бөлек АҚШ, Италия, Жапония, Бразилия, Кения, Ұлыбритания, Индонезия, Аустралия, Оңтүстік Африка және басқа да елдердің креаторлары бар.
Айта кетейік, бұған дейін Анара Батырхан әлемдік TikTok Live Fest конкурсында бірінші орынды иеленгені хабарланған еді.
Қазақстандық ер адам Көк төбедегі қымбатшылыққа шағымданды: Саябақтың иесі кім және неліктен бағалар жоғары?