Қазақстандық су тасқынынан зардап шеккендерге жетпей қалған гуманитарлық жүк қоймасын көрсетті
Арқалық блогері шетелден келген гуманитарлық көмектің таратылмай, қоймада қалып қойғанын айтты. Ол шырын, су, қап ұн, макарон және басқа да азық-түлік өнімдері салынған қораптарды видеоға түсіріп көрсеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Newtimes.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Видеодан скриншот
Желі белсендісінің айтуынша, бірнеше айдан бері қоймада жатқан гуманитарлық көмек көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерге жетпеген. Ол тағамның жарамдылық мерзімі өтіп, енді қараусыз жатқанына наразы.
"Қыркүйек. Міне, ұн, макарон, сусындар, су. Гуманитарлық көмек Өзбекстан мен Тәжікстаннан келген көрінеді. Әлі тұр. Оны неге таратпады? Негізі тамақ берілу керек, ал соны кім алды?", – деді автор.
Қолданушылар мұны мемлекеттік қызметкерлер бюджет қаржысын үнемдеу үшін әдейі жасайы деп жазды.
Қостанай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі мамырда су тасқынына байланысты төтенше жағдай кезінде Арқалықтағы қоймаға Өзбекстаннан екі вагон азық-түлік келіп түскенін, олар үш бөлікке бөлініп, Жангелді аудандары мен Арқалыққа, Амангелді ауданына таратылғанын хабарлады.
Бөлу туралы шешімді қоғам өкілдері, мәслихат депутаттарымен арнайы құрылған комиссия қабылдады. Келген гуманитарлық көмектердің ішінде тез бұзылатын өнімдер жоқ – тек су, консервіленген компот, қант, күріш, ұн, макарон өнімдері ғана.
Сондай-ақ Тәжікстаннан үш вагон цемент, бір вагон шифер, бір вагон ауыз су келді. Мұның бәрі де үш ауданға тең үлеспен бөлінді. Арқалық мешітіне бір вагон су берілді.
Одан әрі әкімдіктегілер үш вагон цементтің 60 тоннасы Амангелді ауданына, 60 тоннасы Жангелді ауданына жөнелтілгенін хабарлады. Қалған цемент көпқабатты үйлердің шатыры мен жертөлелерін жөндеу үшін "Іскер-Арқалық" ЖШС-не, сондай-ақ Арқалықтағы су тасқынынан зардап шеккен шаруа қожалықтарына берілді.
Гуманитарлық көмек ретінде алынған 600 дана шифер Амангелді ауданына, 600-і Жангелді ауданына және 800-і көктемгі су тасқынынан зардап шеккен Арқалықтың шаруа қожалықтарына берілді.
"Гуманитарлық көмек алғаннан бері бұл өнімдер төтенше режим кезінде су тасқынынан зардап шеккендерге ғана таратылды. Режим алып тасталған кезде қалған өнімді мұқтаж жандарға тарату туралы шешім қабылданды. Бүгінгі таңда "Арқалық қаласы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" ММ-нің бөлімшесіне тұрғындардан 739 өтініш түсіп, оның 618-і азық-түлікпен қамтамасыз етілді", – деп түсіндірді жергілікті билік өкілдері.
Баспасөз қызметі жұмыспен қамту бөлімі арнайы комиссиямен бірлесіп, мұқтаж жандарды анықтау бойынша барлық шараларды жүргізіп, гуманитарлық көмектің берілуін қатаң қадағалайтынын қосты. Арқалық блогері таратқан видеода бұрмаланған фактілер бар деп сендірді.