Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан шоу-бизнесіндегі ең даулы сәттер: 2025 жыл қандай жайттармен есте қалды?

Фото: Stan.kz

2025 жыл Қазақстанның әлем назарын өзіне қаратқан кезеңі ретінде есте қалмақ. Еліміз шоу-бизнес пен спорттың жаһандық жұлдыздарын қарсы алып, Қазақстанда шетелдік фильм түсірілімдері басталды, сондай-ақ отандық өнерпаздар мен спортшылар да өз жетістіктерімен көзге түсті. Stan.kz тілшісі жылды қорытындылап, желіде кеңінен талқыланған оқиғаларға шолу жасады.

Дженнифер Лопес Қазақстанда концерт берді

Әлемге әйгілі америкалық әнші Дженнифер Лопес алғаш рет Қазақстанда концерт берді. Оның Up All Night: Live in 2025 әлемдік туры аясындағы алғашқы концерті Астанада 1 тамызда, екінші концерті Алматыда 10 тамызда өтті. Концертке қазақстандықтар ғана емес, көршілес елдерден де мыңдаған жанкүйер жиналды.

Дженнифер Лопестің Алматыдағы Орталық стадионда өткен концертін 27 мың көрермен тамашалады. Олардың шамамен 7 мыңы АҚШ, Канада, Түркия, Жапония, Қытай және бірқатар Еуропа елдерін қоса алғанда, әлемнің 35 мемлекетінен арнайы келген.

Билет бағасы 40 мыңнан 250 мың теңгеге дейін болды. Іс-шарадан түсетін салықтық түсімдердің өзі шамамен 600 млн теңгеге жеткен. Алматы қаласы туризм басқармасының мәліметінше, жалпы қаржылық айналым 10 миллиард теңгеден асады.

Концерт барысында сахнада ән айтып тұрған сәтте әнші Дженнифер Лопестің үстіне кенеттен шегіртке секіріп түскен еді. Бұл оқиғаның видеосы бірден әлеуметтік желілерде таралып, қызу талқыға түсті. The Tonight Show Starring Jimmy Fallon бағдарламасында Джей Ло жүргізушімен бірге сол сәттің видеосын қарап, өз әсерін бөлісті. Әншінің айтуынша, ол үстіне жәндік қонғанын бірден байқамаған.

“Бірдеңе тигендей болды да, мен “Мүмкін жай ғана ұшып жүрген шыбын шығар” деп ойладым. Өйткені прожектор жарығында ұсақ жәндіктер көп көрінеді ғой. Ал кейін байқасам, ол ұшып кеткен жоқ, менің үстімде өрмелеп жүр екен!” – деді Дженнифер.

Джей Ло шегіртке

Backstreet Boys алғаш рет Қазақстанда

Аты аңызға айналған америкалық поп-топ Backstreet Boys 2025 жылғы күзде алғаш рет Қазақстанда өнер көрсетті. Алматыдағы (19 қыркүйек) және Астанадағы (21 қыркүйек) концерт билеттері бірнеше сағат ішінде сатылып кетті.

Backstreet Boys тобының екі мегаполисте өткен концертінен еліміздің қазынасына 216,5 миллион теңге салық түскен. 

Топтың мүшелері ерекше шоуымен ғана емес, әлеуметтік іс-шараларымен де есте қалды. Астанада олар тұрғындармен бірге Мира және келісім саябағына ағаш отырғызды. Алматыда топ мүшелері моншаға барып, “Шымбұлак” тау-шаңғы курортында уақыт өткізді. Топтың Instagram парақшасына жарияланған фотолар қазақстандықтар арасында үлкен қызығушылық туғызды.

Backstreet Boys тобының мүшелері

“Қайрат” – “Реал Мадрид” матчы

“Қайрат” – “Реал Мадрид” матчы жылдың ең көп талқыланған спорттық оқиғаларының біріне айналып, қазақстандық клубтың жаһандық аудитория назарында болған сирек сәттердің қатарын толықтырды. “Қайрат”  клубының әлемдегі ең танымал футбол клубтарының біріне қарсы ойнауы жанкүйерлер арасында ғана емес, әлеуметтік желілерде резонанс туғызды. Көпшілік оны қазақстандық спорттың танымалдығы жаңа деңгейге көтерілгенінің символы ретінде бағалады.

Алматыдағы Орталық стадионда өткен УЕФА Чемпиондар лигасының "Қайрат" – "Реал Мадрид" ойынын көруге шетелден 4 мыңнан астам турист келді. Ауқымды матч ел экономикасына шамамен 2–3 миллиард теңге, яғни 3,6–5,5 миллион АҚШ доллары көлемінде кіріс әкелді.

Кездесуде Испанияның "Реал Мадрид" командасы қазақстандық "Қайратты" 5:0 есебімен жеңді. Ойынның 25-минутында Килиан Мбаппе пенальтиден мергендік танытса, 52-минутта екінші голын соғып, 73-минутта хет-трик авторы атанды. 83-минутта Эдуардо Камавинга есепті ұлғайтты. Ал екінші таймға қосылған үшінші минутта Браим Диас соңғы нүктені қойды.

Бұл матч "Реал Мадрид" клубының Қазақстан аумағында өткізген тарихтағы алғашқы ойыны ретінде есте қалды. Сонымен қатар кездесуде небәрі 18 жастағы жас қақпашы Шерхан Қалмұрза қақпаны қорғап, жанкүйер назарын өзіне аударды. Ол бұған дейін "Спортингке" қарсы ойында Чемпиондар лигасының жылнамасына енген еді. Шерхан Қалмұрза турнир тарихында 18 жасқа толмай жатып 11 метрлік соққыны қайтарған ең жас қақпашы атанып, Чемпиондар лигасындағы ең жас голкиперлердің үздік үштігіне кірді.

Джеки Чан “Доспехи Бога” фильмінің жаңа бөлімін Қазақстанда түсірмек

Күзде әлемге әйгілі актер Джеки Чан Алматыға келген еді. Ол халықаралық фильм жобасын іске асыру үшін келген, “Доспехи Бога: Ультиматум” атты жаңа фильмде басты рөл атқарып, түсірілім алаңдарын таңдаумен айналысқан. Қазақстандық актер Рүстем Омаров да фильмге актер әрі сценарист ретінде қосылды. Жоба Маңғыстауда түсіріледі, бұл аймақтың табиғаты мен инфрақұрылымы фильмге лайық деп танылған. Фильм Қазақстанның халықаралық кино саласындағы беделін көтеруге, туризм мен креативті индустрияны дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар әлемдік мамандардың қатысуы жергілікті кадрларға тәжірибе жинауға жол ашады.

Екі актердің суреті

Димаш Құдайберген Madison Square Garden-да концерт қойды

Биыл Димаш Құдайберген үшін де ерекше болды – ол өзінің Stranger атты жеке концертін Нью‑Йорктегі Madison Square Garden сахнасына берді. Бұл оның мансабындағы маңызды оқиға. Концертте мыңдаған көрермен жиналып, әнші өзінің вокалды шеберлігін көрсетті, жанкүйерлер шоу жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. Кеш оның жанкүйерлері Dears үшін есте қаларлық кеш болды. Тур Эуропа бойынша бірнеше қалада жалғасты, сонымен қатар 2025 жылдың соңында Ригада тур қорытынды концерті өтті. Димаш әлемдік аренада дара дауысы мен сахна шеберлігін тағы бір мәрте көрсетіп, өзінің халықаралық мәртебесін күшейтті. 

Димаш Құдайберген мінезі туралы


2025 жылы болған басты саяси оқиғаларға шолу: Қазақстанда не өзгерді

Қазақ футболының жаңа дәуірі, тарихи жүлделер, XXI ғасырдағы алғашқы алтын: 2025 жыл ел спорты үшін қандай жетістікке жетті?


Биыл Қазақстанның шоу-бизнес әлемінде де есте қаларлық көптеген оқиға болды. Есті ән, трендтен түспеген туынды, бүкіл ел танитын жұлдызды жұптың ажырасуы, айтулы оқиға аз болған жоқ.

2025 жылдың басында бірден бірнеше өнер иелері шаңырақ көтерді

Қаңтар айының бірінші жартысында бір жылдан астам уақыт бұрын әнші Балжан Бидашпен ажырасқан әзілкеш Жахан Отарғалиев үшінші рет неке қиды. Желі қолданушылары жастарға бақыт тілеп, ақ жарма тілегін арнап жатыр. Арасында “бұрынғы әйелінің өмірін құртпай, әу бастан орамалдағы қызды таңдауың кере еді” деп сөккендер де табылды. Кейінірек Жахан Отарғалиев екі қызы бар келіншекке үйленгенін растады.Жахан Отарғалиев екінші әйелінің қыздары жайлыҚаңтар айының соңында Айжұлдыз Адайбекова мобилограф Сәкен Қағаровпен некесін қидырса, сәуір айында заңды неке куәліктерін көрсетті. Кейін желі жұлдызына сырға салынып, құдалық рәсімі өткізілді. Жаңа құдалар арнайы қарсы алынып, басқосу құдалыққа ұласты. Ал келесі күні, 25 сәуірде Айжұлдыз ұзатылды.

Айжұлдыз Адайбекова мен Сәкен Қағаров некесін қидырды

Әнші Алмас Кішкенбаев 15 күнге қамалды

Алматы қаласында 30 қаңтар күні құқық қорғау органдарына Алмас Кішкенбаевқа қатысты арыз түскені хабарланды. Арызды ұлы курьер болып жарты күндік жұмыс істейтін азамат жазған. Мәліметке сәйкес, 2007 жылы туған жасөспірімге кешкі сағат тоғыздар шамасында үш бөтелке сыраны жеткізу жөнінде тапсырыс берілген. Ол дүкеннен тауарды алып, тапсырыс иесінің мекенжайына барған. Алайда жеткізу барысында күтпеген жағдай болды. 17 жастағы курьердің айтуынша, сыраға шамамен 40 жастағы ер адам тапсырыс берген. Алкогольді қабылдап алғаннан кейін ол жасөспірімге бірге ішуді ұсынған. Сондай-ақ баланың сөзінше, ер адам 11-сынып оқушысына қатысты интимдік сипаттағы әрекет жасаған. Оқиғадан соң курьер бірден үйіне барып, болған жайтты әкесіне баяндаған. Әкесі сол мезетте құқық қорғау органдарына хабарласқан. Нәтижесінде Алматы соты әншіні “ұсақ бұзақылық” бабы бойынша кінәлі деп тауып, 15 тәулікке қамауға алды.

Алмас Кішкенбаев

Бағым Мұхитденованың жары Әділжан Юсупов дүниеден өтті

Ақпанда танымал әнші, музыкалық продюсер Бағым Мұхитденованың жары Әділжан Юсупов дүниеден өтті. Әділжан Юсупов – отандық музыка индустриясында өз орнын қалдырған танымал продюсер. Ерлі-зайыптылар 1997 жылы танысып, 2001 жылы отбасын құрған. Бүгінде бір ұлы бар. Әділжан Юсупов қазақстандық шоу-бизнестегі түрлі өнер қайраткерлерімен бірге жұмыс істеді. 

Әнші Кәмшат Жолдыбаева ана атанды

Отандық шоу-бизнестің танымал жұлдызы, “КешYOU” тобының бұрынғы әншісі Кәмшат Жолдыбаева алғаш рет ана атанды. Бұл қуанышты жаңалықты белгілі тележүргізуші Анна Данченко өзінің Instagram парақшасындағы стористе хабарлады. 2023 жылғы наурыз айында әлеуметтік желілерде Кәмшат Жолдыбаеваның қыз ұзату рәсімінен видео тараған еді. Өнер иесінің таңдауы актер Ғазрет Ержановқа түскен. Ғазірет

Нұрлан Еспановтың ұлы бейтаныс қызға интим хаттар жазған

Ақпан айының аяғында танымал әнші Нұрлан Еспановтың ұлы Олжас Еспановтың қызға жазған интим хаттары тарады. Ақпаратқа сәйкес, әншінің ұлы бойжеткенді қонақүйге шақырып, төсектес болуға ниетті екенін айтқан. Желі қолданушыларының пікірі екіге жарылды. Бірі “Қателеспейтін адам жоқ, періште емес қой”, “Әлі жас, ақыл тоқтатсын” деп қолдау білдіріп жатса, кейбірі “Қарындастарыңа осылай жазса қалай қарайсың?” деп сөгіп жатыр. Ал Олжас Еспанов алғаш рет ел алдына шығып, өзінің бұл іске ешқандай қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Ол желіде өзі туралы айтқан қызды танымайтынын айтып, оның бұл әрекетін аяқтан шалуға теңеді.

Нұрлан еспанов

Актер Шәріп Серік кәнсілге ұшырады

Көктемде актер Шәріп Серіктің бұрынғы сүйіктісі, қазақстандық блогер Әлия Бутеева тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болғанын айтып, актердің лифтте шабуылдаған видеосын жариялады. Кадрлардан Шәріп Әлияның қолынан ұстап, күштеп лифт кабинасынан шығарып, өзімен бірге жұлқып алып кетіп бара жатқаны көрінеді. Сондай-ақ Бутеева соққыдан кейін бетінің көгеріп, қызарып қалған суреттерін көрсетті. Ол жазбасында тіпті ең қорқынышты түсінде ешқашан “сүйікті адамым маған қол көтерді” деп айтатын қыз боламын деп ойламағанын жасырмады.

Содан кейін актер Шәріп Серік лифтте бұрынғы сүйіктісіне не үшін шабуыл жасағанын түсіндіріп, мәлімдеме жасады.

“Мен зорлық-зомбылыққа қарсымын. Бәріңіз видеоны көрдіңіздер! Мен оған лифтте дөрекі іс-әрекет жасадым. Сол сәтте ашуға бой алдырдым. Өзімді ақтай алмаймын. Істеген әрекетім үшін заң алдында жауап беруге дайынмын. Әлияның өзінен және ата-анасынан кешірім сұраймын. Мен оның бетінен ұрып жібердім. Менің қатемді қайталамаңыздар! Әйелге қол көтермеңіздер!”, – деді актер. 

Сот Шәріп Серікті әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің “отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы әрекеттер” бабы бойынша кінәлі деп танып, актер 5 тәулікке қамауға алынды. Бұл даулы оқиға оның мансабына кері әсерін тигізбей қоймады. Ірі медиакомпания Шәріп Серікпен ынтымақтастықты тоқтатып, ол түскен бірқатар фильмдер мен телехикаялардан актер ойнаған көріністер кесіп алынды.

Тұрсынғали Алагөзов қызметкерлеріне көлік сыйлады

Танымал продюсер Баян Мақсатқызының күйеуі, “Цесна” наубайханалық бидай компаниясының директоры Тұрсынғали Алагөзов қызметкерлеріне Haval автокөлігін сыйлады. Қасымов Қажымұрат, Печенов Александр, Витмановский Игорь, Іргебай Марат, Габдушев Аскар есімді қызметкерлер су жаңа көліктің иесі атанған. 

Блогер Мұрат Әбділда қайтадан қамауға алынды

Түркістан қаласының ауданаралық сотында Мұрат Әбділдаға қатысты мәселе қаралды. 2022 жылы сотталған блогер 2024 жылы шартты түрде мерзімінен бұрын босатылып, полиция есепке алынған еді. Алайда, ол кейін ортақ пайдалану орнын ластап, бірнеше рет тіркелмей және түнде тұрғылықты мекенжайында болмағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полиция блогердің қалған жазасын бас бостандығынан айыру түріне ауыстыруды сұрады.

Түрмеде концерт берді

Daricorn жарнама жасаймын деп басы дауға қалды

Белгілі блогер Daricorn жеке бизнесін жарнамалап, көшеде балалармен сұхбаттасқан. Жарнама жасау барысында балалардың бірін рұқсатсыз бейнекамераға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялаған. Ұлдың анасының айтуынша, 2 миллион 500 мыңға жуық қаралым жинаған видеода ұлының “Пицца” деп айтқан сөзі “Пися” деп субтитрмен көрсетілген. Салдарынан бала достарымен араласудан қалып, буллиңке ұшыраған. Анасы блогерден өтемақы талап етіп, сотқа жүгінді. Бірінші инстанция соты блогерді ұлға 500 мың теңге моральдық шығын төлеуге және сот шығындарын өтеуге міндеттеді, сонымен қатар көпшілік алдында кешірім сұрауды талап етті. Алайда блогер аппеляциялық шағым түсіріп, шешіммен келіспейтінін білдірді.  Сөзінше, баланың анасы өтемақы ретінде өзі айтқандай, 500 мың емес, 5 млн теңге сұраған.

Кейінірек блогер Дариға Нұркеева рұқсатсыз түсірген видеосынан кейін буллиңке ұшыраған баламен, оның анасымен кездесіп, кешірім сұрады. 

Тұрсынғали Алагөзов қызметкерлеріне 100 пәтердің кілтін сыйлады

Танымал продюсер Баян Мақсатқызының күйеуі Тұрсынғали Алагөзов өзінің “Galanz Bottlers” атты компаниясында 15 жылдан астам қызмет еткен 100 адамға 100 пәтер берді. Ол бұл идея 2024 жылы келгенін айтты. Алайда сәті биыл түскен көрінеді. 

“Бұл адамдар – менімен 20 жыл бойы еңбек еткен қызметкерлер. Комиссия құрып, нағыз мұқтаж жандарды таңдадық. Олардың көпшілігінде бірде-бір пәтер жоқ”, – деді бизнесмен. 

Сондай-ақ ол баспанаға мұқтаж адамдардың басым бөлігі – қарапайым жұмысшылар екенін ерекше атап өтті. Мысалы, еден жуатын кісілер, жүргізушілер, жүк тасымалына жауапты адамдар.

Тұрсен Алагөзов қызметкерлеріне 100 пәтердің кілтін сыйлады

Сәкен Майғазиев ұлының тойын тікелей эфирде өткізді

Әнші Сәкен Майғазиев ұлы Әділет пен Әдияның үйлену тойын онлайн көруге арналған сілтемені әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Ұйымдастырушылар Telegram-бот арқылы төлем жасағандарды жабық арнаға қосып, тойдағы қызықты сәттерді тамашалауға мүмкіндік берді. Тіркелу құны 1380 теңге болды, нәтижесінде 8743 адам жазылып, жалпы 12 миллион 65 мың 340 теңге жиналды.

Сәкен Майғазиев тойға қатысты мәлімдеме жасап, көп адамның қолдау білдіргенін айтып, онлайн қатысқысы келген жүздеген хаттар келгенін жеткізді. Тікелей эфирде қонақтармен, қалыңдық пен күйеубаламен сұхбаттар көрсетілді, сондай-ақ алдын ала түсірілген бейнежазбалар мен Маңғыстаудан келген құдалардың сұхбаттары да эфирде көрсетілді.

Мемлекеттік кірістер комитеті онлайн тойдан түскен табыс кәсіпкерлік қызмет болып есептелетінін, жеке табыс салығы төленуі керегін ескертті.

Сәкен Майғазиев

RaiM мен Ерке Есмахан үшінші рет ата-ана болды

2025 жылы маусымда танымал әнші Ерке Есмахан үшінші ұлын дүниеге әкелді. Оның жұбайы Райымбек Бақтыгерей баласының суреттерін жариялап, сүйінші сұрады. Қос әншінің тыңдармандары құттықтап, балаға ұзақ ғұмыр тілеген.

Ерке әнші

Жұбаныш Жексенұлы сотқа тартылды

Танымал әнші Жұбаныш Жексенұлы әуежайдағы оқиғадан кейін сотқа тартылды. Арызды Зауреш Садыбекова түсірген: әйелдің айтуынша, ол Астанадан Алматыға ұшатын рейске мінбек болғанда Жұбаныш Жексенұлын байқап, "Бұл сол танымал әнші емес пе?" деп дауыстап кеткен. Әнші бұл сөзге ренжіп, сатиралық түрде өзін бишімін деп жауап берген және орынсыз әрекеттер жасай бастаған. Жәбірленуші бұл сәтті телефонына түсірмек болғанда, әнші құрылғыны қолынан қағып түсірген. Кейін бірінші қабатта да тіл тигізуді жалғастырған.

Сотта Зауреш Садыбекова бұл сәттің видеосы бар екенін айтты. Жұбаныш Жексенұлы кінәсін мойындап, жасаған әрекетіне өкініш білдірді және көпшілік алдында кешірім сұрады. Сондай-ақ ол ұшар алдында алкоголь ішкенін мойындады. Сот әншіні ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 78 640 теңге көлемінде айыппұл салды.

Танымал әнші Жұбаныш Жексенұлының басы дауға қалды

Зинақорлыққа қатысты пікір білдірген блогер көпті ашуландырды

Тамыз айында белгілі блогер Ақсұлтан Қалиевтің зинақорлыққа қатысты пікірі желіде дау туғызды.  Блогер Threads желісінде зинақорлықтың себебін анықтаймын деп сырқат балаларды да сөз етті. “Зинаны тоқтатпасақ, ертең оннан тоғызы ДЦП болып туады. Содан білім де жоқ, денсаулық та, әскер де жоқ, боқ та жоқ”, – деп жазды блогер. Блогер көп ұзамай жазбасын өшіргенімен, желіде скрині таралып, дау одан сайын ушықты. Желі қолданушылары оны қате ақпарат таратып, халықты адастырып отыр деп айыптады. 

Қазақстандықтар оның пікірін ауыр деп бағалап, ДЦП-мен ауыратын балаларға қатысты жазбасын сынға алды. Блогер өз ойын дұрыс жеткізбегенін айтып, бұл жалпы ескерту екенін, ешкімнің жеке басына сын емес екенін түсіндірді.

аксұлтан блогер

Жұлдыз Әбдукәрімова бесінші сәбиін босанды

Танымал әнші Қайрат Нұртастың әйелі, актриса Жұлдыз Әбдукәрімова жылдың маусым айында жүктілігін көрсетіп, көпшілікті елең еткізген еді. Ал тамызда бесінші баласын босанды. Блогер “Жаңа тынысым”, – деп жазып, ерекше видеосын бөлісті. Желі қолданушылары қуанышты жаңалықты бірден түсініп, ақжарма тілектерін жазды. Есімі белгілі қоғам қайраткерлері мен әріптестері де жылы лебізін білдіріп, сәбидің ұзақ ғұмырлы болуын, аман-есен өсуін тіледі.

Жұлдызда жұп сәбиінің есімін – Рәбия Сұлтан қойған. Кейінірек Қайрат Нұртас та жары және сәбиімен жазба жариялап, жұртты елжіретті.

Қайрат Нұртас қызымен видеосы жұрттың жүрегін елжіретті

Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенованың сотқа жеткен ұтыс ойыны

Блогер Ерболат Жанабылов пен жұбайы Эльмира Төлегенова Instagram парақшасында автокөлік, смартфон секілді бағалы сыйлықтар ойнатқан ұтыстарымен қоғам назарын аудартты. Бұл ұтыстар ресми тіркелмеген лотерея ретінде бағаланды. Қатысу үшін адамдардан әдетте 30 мың теңгелік оқыту курсын сатып алу талап етілгені айтылды, яғни ақылы ойын ұйымдастырылған. Заң бойынша бұл рұқсатсыз лотерея өткізуге жататын әрекет саналады. Іс сотқа дейін жетіп, 2025 жылғы 5 қыркүйекте Астанада мамандандырылған әкімшілік сотта қарала бастады. Мемлекеттік орган өкілдері ұтыс ойындарының заң талаптарына сай өтпегенін, жеңімпаздарды анықтау тәртібі түсініксіз болғанын және ашықтықтың жоқтығын алға тартты. Адвокаттар мұны "маркетингтік акция" деп түсіндіруге тырысқанымен, сот материалдарды жан-жақты зерттеді.

Нәтижесінде жұпқа заңсыз лотерея ұйымдастырғаны үшін 3 млн теңге айыппұл салынып, әлеуметтік желілерде белгілі бір қызметпен айналысуына уақытша тыйым салынды. Апелляция берілгенімен, шешім негізінен өзгеріссіз қалдырылды. Оқиға қоғамда кең талқыланып, блогерлік ұтыстардың заңдық мәртебесі мен жауапкершілігі туралы пікірталас күшейді.

Ерболат Жанабылов и Эльмира Толегенова. Фото_ instagram_zhanabylov_e

Әнші Бейбіт Қорған жауапқа тартылды

Әнші Бейбіт Қорған ұшақтағы тәртіп бұзғаны үшін сот жауапкершілігіне тартылды. Ол Алматыдан Атырауға бағытталған рейс кезінде мас күйінде дөрекі сөздер айтып, әуе компаниясы талаптарын орындаудан бас тартқан. Оқиғадан кейін әнші полиция қызметкерлеріне тапсырылды.

Тәртіп сақшылары оған “ұсақ бұзақылық” және “құқық қорғау органының заңды талабына бағынбау” баптары бойынша хаттама толтырды. Кейін Атырауда өткен сот отырысында Бейбіт Қорған кінәлі деп танылып, 196 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.

Бейбіт Қорған

Дариға Бадықова мен экс-күйеуі Дархан Мұсаевтың дауы

Танымал актриса әрі продюсер Дариға Бадықованың бұрынғы күйеуі, әнші Дархан Мұсаев “Уақыт көрсетеді” бағдарламасында Дариға мен актер Олжас Абаев арасындағы жақындығын байқағанын, бірақ оны ашық айтпағанын мәлімдеді. Жұлдызды жұп уақыт бірге өмір сүрген, бірақ 2023–2024 жылдары олардың қарым-қатынасы күрделеніп, ресми түрде ажырасты. Әнші түсірілім барысында әйелінің жанында бола алмағанын, кейде қолдау көрсеткенде де Дариға бетін қайтарып, келтірмегенін айтты.

Сондай-ақ Мұсаев Дариға Бадықованың табысы көбейгеннен кейін өзгергенін айтты. Ол олардың ортақ жобалары мен көліктерді бөлісу мәселесін сөз етті, табысы Дариғаға қарағанда әлдеқайда аз болғанын, сол себепті кейде түсініспеушіліктер туындағанын жеткізді.

Дариға Бадықова өз кезегінде экс-күйеуінің сөздеріне жауап беріп, өзінің үнсіздігін әлсіздік емес, тәрбиеден туындағанын, өмірінің кейбір кезеңінде өтірік бақытты адам кейпінде болғанын айтты. Ол бұрынғы күйеуіне ақша беріп отырғанын жасырмады және өз кәсібі мен еңбегін қорғауды басты мақсат еткенін жеткізді.

Дархан Мұсаевтың сұхбаты қазақстандықтарды дүр сілкіндірді. Желі қолданушыларының көпшілігі, әсіресе әйелдер қауымы әншінің еркек басымен ерлі-зайыптының арасындағы кикілжіңді баяндап отырғанына назар аударып, оны сынап тастады.

Алайда өнер иесінің жағдайын түсініп, оны қолдағандар да болды. Дариға Бадықованың күйеуі әйелінің көңілі басқа адамда екенін сезген

Футболдағы жемқорлық туралы “Offside” сериалы өшірілді

Қазан айында қазақстандық футболдағы сыбайлас жемқорлықты қозғайтын “Offside” сериалының көрсетілімі уақытша тоқтатылды. Жобаның продюсері әрі басты рөлдің орындаушысы Рүстем Омаров сериалға қатысты мәселенің депутат Құдайберген Бексұлтановтың отандық сериалдардағы балағат сөздерге қатысты сынынан кейін ушыға түскенін айтты. Осыдан соң жоба қоғамда қызу талқыланып, түсірілім тобы сериалдың көрсетілімін уақытша тоқтату туралы шешім қабылдады.

Омаровтың айтуынша, сол кезеңде сериалға қатысты Instagram және YouTube парақшалары бұғатталып, команда оларды қалпына келтіруге тырысты. Продюсер сериалдың толық жабылмағанын, тек техникалық қиындықтарға байланысты кейінге шегерілгенін мәлімдеді. Жоба тобы мәселелерді шешіп, сериалды қайта көрерменге ұсынуды жоспарлаған.

Қазақстандық футболдағы сыбайлас жемқорлық туралы Offside сериалы депутаттың сынынан кейін көрсетілмей қалды

Тұрсынбек Қабатов пен Мөлдір Мұқанованың шаңырағы шайқалды

Танымал әнші әрі продюсер Мөлдір Мұқанова Жанар Байсемізге берген сұхбатында әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың 14 жыл бұрын оның көңілдесі пайда болғанын, ал олар жеті ай бұрын ғана ресми түрде ажырасқанын мәлімдеді. Мөлдір отбасын сақтап қалуға тырысқанымен нәтиже шықпаған, ал Қабатов кейінгі екі айда балаларымен де байланыспай, нөмерлерін бұғаттаған.

Сұхбат жарияланғаннан кейін желі қолданушылары әзілкешке бойкот жариялап, оны жобалардан шығару туралы талап етті. Танымал коуч Роза Әшірбаева да Тұрсынбектің әрекетін сынға алып, әйелдің 14 жылдық еңбегін бағалауға шақырды. Желіде Қабатовтың Instagram парақшасында да түрлі сыни пікірлер қалдырылды.

Мөлдір Мұқанова және Тұрсынбек Бағатов

Экс-әйелін балағаттаған блогер Нұрсұлтан Жақсыгенге желі қолданушылары бойкот жариялады

Жыл басында экс-әйелінен кешірім сұрап, қайта оралуын өтінген қазақстандық актер Нұрсұлтан Жақсыген жыл соңында әлеуметтік желіде бұрынғы жары Фариза Алмасқызын қорлаған хабарламаларымен жұрттың ашуын тудырды. Скриншоттарда ол әйелін “көшедегі әркімнің біреуі”, “есік көрген қызды ешкім бағаламайды” деп балағаттап, тұрмыстық және жеке өмірін мазақтаған. Сондай-ақ, Жақсыген бұрынғы жары мен балаларын кемсітіп, ар-намысына тиетін пікірлер жазған.

Фариза Алмасқызына оқырмандар қолдау көрсетіп, жылы сөздер жазды. Қоғам белсенділері мен өнер адамдары Жақсыгеннің әрекетін сынға алып, әйелді қорлау мен балағаттауды ер адамның әлсіздігі мен абыройсыз ісі деп атады. Имам және ұстаз Тимур Алиев әйелді қорлау еркекке жараспайтынын, керісінше әйелді қорғау қажет екенін атап өтті.

Кейінірек блогер Нұрсұлтан Жақсыгеннің бұрынғы жұбайы Фариза Алмасқызы экс-күйеуінің үстінен арыз түсіретінін мәлімдеді.

Айта кетейік, Нұрсұлтан Жақсыген мен Фариза Алмасқызы ажырасқан, екі балалары бар. 

Фариза Алмасқызы бұрынғы күйеуі Нұрсұлтан Жақсыгеннің үстінен арыз түсірмек

Арман Дүйсенов пен оның ұлының құпия өлімі

Композитор Арман Дүйсеновтің қазасынан кейін оның отбасына қатысты даулы оқиғалар жалғасын тапты. Былтыр қазанда сазгердің 21 жастағы ұлы Абылай Дүйсен жұмбақ жағдайда көз жұмды. Анасы Айсұлу Айданқызы биыл сұхбат беріп, ұлының денесі пәтерден екі қолы байлаулы, аяғы жерде тұрған күйде табылғанын айтып, мұны өз-өзіне қол жұмсау деп қабылдауға болмайтынын мәлімдеді. Осы себепті іс “кісі өлтіру” бабы бойынша тіркелгенімен, тергеу нақты қорытындыға келмеген.

Айсұлу Айданқызы тергеу мен сот шешімдерін әділетсіз деп санап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады. Сонымен қатар ұлының қазасына қарамастан, марқұмның досы Санжар Мұқаш пәтерге қатысты даумен сотқа жүгініп, Айсұлуды баспанадан шығару туралы шешім шығарылған. Анасы бұл мәмілені күмәнді әрі мәжбүрлі деп есептейді.

Іс қоғамда үлкен резонанс тудырып, заңгерлер тарапынан да сынға алынды. Абылай Дүйсеннің өлімі мен мүлікке қатысты дау әлі де толық шешімін тапқан жоқ.

Арман Дүйсенов ұлының өлімі

Елдос Колобок 9 жылдан кейін әке атанды

Жаздың маусымының ортасында көптен күткен қуанышын бөлісіп, сүйінші сұраған белгілі блогер Елдос Калабок пен жұбайы Таңшолпан gender party жасаған еді. Ал қарашада блогер алғаш рет ұлды болды. Ол тұңғышының есімін – Әлем деп қойған еді. Кейінірек ол ұлымен алғаш кездескен сәтін жариялап, жұртты жылатты.

Ата-ана атанды

Мұқасан Шахзадаев “Нұр-Мұқасан” тобының жаңа әншісін соққыға жықты

Қарашада “Нұр-Мұқасан” тобының жаңа мүшесі Ғалымжан Сүлеймен әлеуметтік желіде топтың экс-әншісі Мұқасан Шахзадаевтың өзін сабап тастағанын мәлімдеді.  Ғалымжанның айтуынша, жанжал әндерді рұқсатсыз орындағаны үшін сотқа беру мәселесінен туындаған. Келісім жасасқаннан кейін, Мұқасан күшіктерімен бірге келіп, оны сөзбен қорлап, соққыға жығып кеткен. Сол сәтте әнші мас болған. Жәбірленушіге ота жасалып, мұрны мен қолы сынған.

Ғалымжанның адвокаты Инга Иманбай оқиғаның келісіммен шешілуге тырысқан кезде шабуылға ұласқанын және Мұқасан бірнеше күн байланысқа шықпағанын айтты. Алматы ПД қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізді. Кейін Мұқасан Шахзадаев ұсталды, тергеу амалдары басталды. Адвокат 107-бап 2-бөлігі бойынша, алдын ала сөз байласумен денсаулыққа зиян келтіру фактісі бойынша, түрме жазасы талап етілетінін айтты.

Бұған қарамастан Мұқасан Шахзадаев алматылық концерттің бірінде сахнаға шығып, көрермен алдына шыққаны байқалды.

Мұқасан Шахзадаев - Ғалымжан Сүлеймен соққыға жықты

Дәурен Айдарқұлов пен көпәйелдік

Белгілі актер Дәурен Айдарқұлов “Зamandas” подкастында өмірінің даулы кезеңін ашып, бір уақытта екі әйелмен қатар отбасылы болғанын айтты. Ол алғашқы әйелімен ресми некеде тұрса, екіншісімен діни неке арқылы байланысқанын жеткізді. Алғашқы әйеліне екінші неке қиылғаннан кейін ғана хабар берген, бұл жағдай жанжалға ұласқан. 2017 жылы бірінші әйелімен ажырасып, екінші әйелімен заңды некеге тұрған, бірақ 2020 жылы олар да ажырасып кеткен. Айдарқұлов ер адамға бірнеше әйел алуға діни тұрғыда рұқсат берілгенін, ал бірінші әйелді алдын ала хабарлауға міндетті емес екенін айтты.

Актердің бұл сұхбаты желіде екіұдай пікір қалыптастырды. Желі қолданушылары актердің әрекетін ғана емес, сұхбатқа шақырған подкаст авторларын да сынады. Кейбіреулер оны қоғамдағы патриархаттың көрінісі деп бағаласа, басқалары жеке психологиялық себептерді атады.

Айта кетейік, биыл қазан айында Дәурен үшінші рет шаңырақ көтеріп, үшінші әйелімен некеге тұрған. Ол үшінші әйелімен танысу жолы мен қазіргі өміріне қатысты қысқаша түсініктеме берген.

Дәурен Айдарқұлов көпәйелдік туралы сұхбат берді

Тұрсынғали Алагөзов қызметкерлерінің ата-анасына ай сайын зейнетақы төлемек

“GALANZ bottlers” компаниясының жаңа жылдық корпоративтік кешінде Тұрсенғали Алагөзов 2025 жылдың қорытындысын шығарып, әріптестерін алдағы мерекелермен құттықтады және барлық қызметкердің 65 жастан асқан ата-анасына компания тарапынан 50 мың теңге зейнетақы төленетінін жариялады.

Желі қолданушылары кәсіпкердің бұл әрекетіне тамсанып, жылы пікірлер қалдырды.

Депутаттың сынынан кейін киностудия жұмысын тоқтатты

“Руың кім?” фильмі прокаттан алынғаннан кейін оны түсірген Tiger Films компаниясы киноөндіріс бағытын тоқтататынын мәлімдеді. Продюсер Алмат Шадмат бұл шешім киноиндустрияның тұрақсыздығы мен қаржылық тәуекелдеріне байланысты қабылданғанын айтты. Компания тек постпродакшндегі жобаларды аяқтап, жаңа фильмдер түсіруден бас тартты. Шадматтың айтуынша, фильмнің “Оскарға” қатысты дауы және депутаттардың сын-пікірлері компания беделіне әсер еткен. Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров фильмде ру тақырыбы арқылы қоғамды бөлу қаупі бар екенін айтып, мұндай контентті сынға алған еді.

Ал Мәдениет және ақпарат министрлігі Tiger Films толық жабылмағанын, тек продакшн қызметін уақытша тоқтатқанын мәлімдеді.

Балнұр Жұмаділла
Дүйсенбі, 29 Желтоқсан, 2025 16:00