Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық шенеуніктердің Дубайдағы мүліктері: Сенат төрағасы пікір білдірді

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев қазақстандық шенеуніктердің Дубайдағы жылжымайтын мүліктері туралы ақпаратқа пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: shutterstock.com

Сенат отырысында журналистер сенат төрағасынан БАӘ-дегі жылжымайтын мүлікке миллиондаған доллар инвестициялаған қазақстандық саясаткерлер мен олардың туыстарына қатысты БАҚ-тағы ақпараттар туралы сұрады.

"Өзім оқыған жоқпын, бірақ басқа дереккөздердегі пікірлерді көрдім. Менің білуімше, бұл сұрақты бас прокуратураның активтерді қайтару жөніндегі комитетінің төрағасына қойғансыздар. Олар бұл сұраққа жан-жақты жауап бере алады деп ойлаймын. Активтерді қайтару комитеті төрағасының айтуынша, бұл мәселелер жоспарлы түрде қарастырылуда. Егер активтер заңсыз шығарылған болса, олар тиісті тізімге енгізіледі", – деді Мәулен Әшімбаев.


Миллион долларлық пәтерлер: Назарбаевтың туыстары мен бірнеше шенеуніктің Дубайдағы мүліктері анықталды


Сенат төрағасының айтуынша, егер активтерді заңсыз шығару фактілері дәлелденсе, онда бұл қаражаттың қалай алынғанын уәкілетті органдар анықтайтын болады.

"Заңға сәйкес тиісті шешімдер қабылданады. Сондықтан бәрі заң аясында болады. Менің білуімше, 1500-ге жуық қазақстандықтың Дубайда түрлі мүліктері бар. Бірақ олардың бәрін айыптау дұрыс емес. Олардың арасында заңды жолмен табыс тауып, мүлікке ие болған кәсіпкерлер де болуы мүмкін. Сондықтан мұның барлығын заң аясында тиісті комитет қарайтын болады. Бұл сұрақтарды бас прокуратураға жолдаған дұрыс деп ойлаймын", – деді сенат төрағасы.

Еске салсақ, бұған дейін қазақстандық экс-шенеуніктің отбасы Дубайда 30 жылжымайтын мүлікке иелік ететіні белгілі болған еді. 

Талқылау