Қазақстандық шенеунік 400 мың теңге пара алғаны үшін 20 миллион теңге айыппұл арқалады
Фото: depositphotos.com
Қазақстандық шенеунік 400 мың теңге пара алғаны үшін 20 миллион теңге айыппұл арқалады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданының ТКШ бөлімінің бұрынғы басшысы Қайрат Ахметов 400 мың теңге пара алғаны үшін сотталды.
Шенеунік ақшаны кәсіпкерден алған. Шенеунік сыйақы үшін аудандық маңызы бар жолдарды жаз мезгілінде күтіп-ұстау бойынша орындалған жұмыстардың актілеріне қол қойып беруге уәде еткен.
Айыпталушы сотта өз кінәсін мойындап, шын жүректен өкінетінін айтты.
"Есіл аудандық соты санкция шеңберінде Ахметовке пара мөлшерінен елу есе көп айыппұл, яғни 20 миллион теңге көлемінде айыппұл салу жазасын тағайындады. Сонымен қатар, оған мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымды қызмет атқаруға өмір бойы тыйым салынды", – делінген Есіл аудандық прокуратурасының хабарласында.
Айта кетейік, сотталған шенеунік бұған дейін де заң бұзғаны анықталды. Шілде айында оның мәселесі өңірлік тәртіптік кеңесте қаралған. Ол мердігерлерге орындалмаған жұмыстар үшін ақы төлеген.
Экс-шенеунікке қатысты сот процесі өзгелерге сабақ болатындай етіп өткізілді. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында үкімді жариялау отырысына Есіл ауданының мемлекеттік қызметкерлері арнайы шақырылған.

"Отаға 33 миллион теңге қажет": Қазақстандық әйел босану кезінде дәрігерлер кесар тілігін жасап, қуығын тесіп жіберді деп айыптады
