Қазақстандық саяхатшылар африкалық балаларға асық ойнауды үйретті (видео)

Қазақстандық саяхатшылар Ерасыл Мирасбек пен Бахадүр Расулов Кениядағы балаларға асық ойнауды үйретті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Африкалық балаларға асық ойынын үйреткен сәт түсірілген видеоны Ерасыл өзінің Instagram парақшасында жариялады.
“Бахадүр екеуміз африкалық балаларға асық ойнауды үйреттік. Оларға ешкінің сүйегінен асық жасап, ойнауға болатынын түсіндірдік. Егер сіз Кенияға келіп, балалардың асық ойнап жүргенін көрсеңіз, біз бұл ойынды сол жерге әкелгенімізді біле жүріңіз”, – деді саяхатшы видеода.
2026 жылы саяхаттауға тұрарлық ең үздік бағыттар аталды
kaztourism.media сайтының хабарлауынша, блогерлер Шығыс Африкаға саяхаттаған. Ерасыл мен Бахадүр 12 күн бойы Кенияны аралап қайтқан. Олар ғасырлар бойы өз дәстүрін сақтап келген ежелгі тайпа өкілдерімен: Самбуру, Рендилле, Туркана, Эль Моло, Покот және Ньемпспен кездескен.
Екі саяхатшы олардың күнделікті тіршілігін бақылап, өмір сүру тәртібін өз көзімен көріп қайтты. Тіпті олар елдің ең қауіпті аймақтарының бірі – Кибера лашығына да барған.
Ерасыл Мирасбек YouTube-те 11 000-нан астам жазылушысы бар саяхат блогын жүргізеді. Онда саяхатшы әлем елдерінің мәдениеті мен тіршілігін көрсетеді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанға көп саяхаттап келетін елдердің тізімі белгілі болғаны туралы жазған едік.