Қазақстандық Алматыдағы танымал сауда ойын-сауық орталығында тарақандар қаптап жүргеніне шағымданды (видео)
Әлеуметтік желі қолданушысы парақшасында Алматыдағы Розыбакиев көшесінде орналасқан сауда ойын-сауық орталығындағы фудкортта үлкен тарақандардың қаптап жүрген видеосын жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Шахизада есімді қыздың айтуынша, ол “Мегада” жүріп, фудкортқа барып тамақтанбақ болған. Тамаққа тапсырыс беріп тұрғанда үстелде жүрген тарақандарды көзі шалған.
“Тарақандардың жүргенін осымен екінші рет көруім”, – деп жазды желі қолданушысы.
Жазбаның астына өзін сауда ойын-сауық орталығының коммуникация бойынша директоры деп таныстырған Мадина Иманалиева болған жағдайға қатысты пікір қалдырды.
“Мұндай жағдайға тап болғаныңыз өте өкінішті. Біз үнемі орталықта тазарту жұмыстарын жүргізіп отырамыз. Тағы бір тазарту жұмысын жүргізу үшін бұл ақпаратты әкімшілікке жіберемін”, – деп жазды Мадина Иманалиева.
Желі қолданушылары тамақтанатын орындар мен фудкорттарда мұның қалыпты жағдай екенін жазды.
“Студент кезде фудкорттың әртүрлі нүктесінде жұмыс істедім. Яғни, түрлі сауда ойын-сауық орталығында болдым. Тарақандар барлық жерде бар. Тазартқаннан кейін де шығады”, “Санитарлық-эпидемиологиялық қызметке хабар беріңіздер”, “Ол тамақпен бірге беріледі”, “Тарақандар барлық фудкортта бар”, “Сұмдық-ай”, – деп жазды желідегілер.
Бұған дейін Ақтөбе облысындағы балабақшада балаларға таратылған ботқадан құрт шыққан еді.