Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маңғыстаулықтар жыл сайын мейрамхана мен дәмханаларға 200 мың теңге, ал алматылықтар 80 мың теңге жұмсайды – Статистика

Қазақстандықтардың тапқан табысы көбіне мейрамхана мен дәмханада тамақтануға кетеді. Бір отбасы сырттан ас ішуіне жылына кемі 75 мың теңге жұмсайды екен. Статистика бойынша, әсіресе, Маңғыстау облысының тұрғындары үйден тыс жерде ас ішуге жаны құмар екен. Олар жоқ дегенде, 200 мыңнан астам теңгесін дәмханаға жұмсайды. Ал алматылықтар бұл тізімде төртінші орынға жайғасты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

мейрамхана

Фото: Pixabay.com

Finprom.kz агенттігінің мәліметінше, елімізде бір отбасы жылына кемі 75 мың теңгесін мейрамхана мен дәмханаға жұмсайды екен. Тізімде Маңғыстау облысы көш бастап тұр. Олар 200 мың теңгеден астам қаражатын сырттан тамақтануға жаратады. Екінші орында астаналықтар тұр. Ал алматылықтар 100 мыңға жуық қаражатын қоғамдық тамақтану орындары мен дәмханаларда жұмсайды.

Инфографика: Finprom.kz

Алматылық Саян Бағаев екі күнінің бірінде мейрамханадан ас ішеді. Тамақтану орнына жұмыс бабымен әріптестерімен түрлі кездесу өткізіп, келіссөздер жүргізеді.

“Әрине, қазір бәрімізге уақыт керек. Жұмысты да іcтеп, түскі және кешті асты ішіп үлгеруіміз керек. Сондықтан мен көбіне осындай орындарда кездесу өткізіп әрі тамақтанып аламын. Өте ыңғайлы. Шығын көп кетеді деп те айта алмаймын”, – деді алматылық Саян Бағаев.  

Рестораторлар ас мәзіріндегі бағаның күннен-күнге өсіп жатқанын айтады. Азық-түлік өнімдеріне кететін шығыннан бөлек, мекемені жалға алу, ыдыс-аяқ, қызметкерлерге беретін қаржы бағаның өсуіне әкеледі дейді.

“Бір жылдың ішінде мейрамханалар шамамен 30% қымбаттағаны рас. Себебі өздеріңіз білесіздер, жұмысшыларды да аз жалақымен ұстап отыра алмаймыз. Мысалы, мен шығынды азайту үшін кадрды қысқартып, олардың жұмысын өз мойныма алып отырмын”, – деді ҚР Рестораторлар қауымдастығының мүшесі Тимур Ғайпанов.

Десе де, қымбатшылыққа қарап жатқан халық жоқ сияқты. Мейрамхана қызметкерлері келушілердің күн санап өсіп жатқанын айтады. Жаз мезгілінде жұрт көбіне терассада отырып, таңғы, түскі, кешкі асын ішеді.

Адам саны әр ай сайын өседі. Жұмыс күндері адамдар өте көп. Әсіресе дүйсенбі, сәрсенбі күндері. Себебі сол күндері жұмыстан шаршаған адамдар түскі уақытта тамақтанады. Ал кешке қарай көбіне жұптарымен, отбасымен кешкі асын ішеді”, – дейді мейрамхананың маркетинг қызметкері Жұлдыз Әйіп.

Ал экономистер мұны жаһандық даму деп түсіндіреді. Адамдар ауылдан қалаға белсенді түрде көшіп, бар уақытын қаражат табуға жұмсайды деді.

“Пандемиядан кейін азық-түлік бағасынан бөлек, дәнді дақылдарға дейін қымбаттағаны рас. Бұл ауыл шаруашылығының дамымай жатқанын көрсетеді. Өзіміздің өндіріске мән бермейміз. Сырттан импорттап алуға жанымыз құмар. Ад адамдардың мейрамханаларға деген  сұранысын урбанизация деп айтар едім”, – деп айтты экономист Арман Байғанов.

Дегенмен еліміздің қоғамдық тамақтану орындарындағы бағаны әлемдік стандарттарға сай келеді деп айту қиын. Бағаның қымбат екенін рейтингтен-ақ аңғаруға болады. Ең арзан мейрамханада тамақтандым дегеннің өзінде, жоқ дегенде, 9 АҚШ доллары, яғни 4000 мың теңгені тастап кетеміз. Мұндай бағамен барлығы 97 ел қатысқан рейтингте Қазақстан 42-орынға жайғасты.

Талқылау