Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық оқу орны халықаралық рейтингте еуропалықтардан асып түсті

Беделді Times Higher Education (THE) әлемдік рейтингі үздік ЖОО-лар тізімін жариялады. Оған төрт қазақстандық оқу орны кіріп отыр. Әлемде 30 мыңнан астам университет бар рейтингте олардың қайсысы көш бастап тұрғанын біздің материалдан біле аласыз.

University of Oxford, Stanford University, MIT, Harvard University – аталған рейтингтің көшбасшылары. Алайда азиялық университеттер де батыстағы әріптестерінен қалыс қалып отырған жоқ. Әлемнің үздік 30 оқу орны қатарына Қытай, Жапония, Сингапур, Оңтүстік Корея университеттері кірген. Ол елдерде білім мен ғылым саласына ЖІӨ-нің 3-4%-ы тиесілі. Мәселен, Қытайдағы ЖІӨ деңгейі $17 трлн екенін ескерсек, бұл аталған елдердің білім саласына инвестиция аямайтынын білдіреді.

NU – ТМД елдері оқу орындары арасында 5-орында, “МИФИ” ұлттық ядролық зерттеу университеті, Ұлы Петр Санкт-Петербург политехникалық университеті және Томск мемлекеттік университетімен бір диапазонға (501-600) топталған. Алайда жүздеген жылдық тарихы бар Мәскеу мемлекеттік университеті мен Н.Э.Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университетінен төменде тұр.

Тізімге Орталық Азия университеттері ішінен қазақстандық және өзбекстандық жоғары оқу орындары кірген. Оның ішінде NU – жоғары позияда, ол әлем бойынша мықты ғылыми-зерттеу университеттерінің үздік 24-29%-ына кіреді. Оқу орны беделді рейтингте кейінгі жылы бірнеше позицияға жоғарылаған. Биыл бәсекелестік арта түсті – рейтингке қатысушылар қатары өткен жылмен салыстырғанда 185-ке көтеріліп, 2092-ге жетті (115 елден). Яғни Times Higher Education (THE) рейтингіне барлық университет емес, тек лайықтылар кіре алады. NU 501-600 диапазонына жайғасып, тек қана Қазақстанда емес, бүкіл Орталық Азияда көш бастап тұр. Айта кетейік, биыл бұл тізімге бірінші рет үш өзбекстандық оқу орны кірген, алайда олардың позициялары NU-дан әлдеқайда төмен.

NU-дан бөлек, рейтингке келесі қазақстандық оқу орындары кірген: Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (1201-1500), Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (1500+) және Satbayev University (1500+).

Тағы бір айта кететіні – NU кейбір еуропалық (олардың қатарында польшалық, чехиялық университеттер бар) және азиялық оқу орындарынан жоғары бағаланған. Мәселен, 200 жылдық тарихы бар Coventry University мен De Montfort University білім ордалары – 601-800 диапазонында, бұл аралықта сондай-ақ франциялық University of Lorraine мен италиялық Marche Polytechnic University бар, ал түркиялық Gazi University – 1201-1500 аралығында. Аталған университеттердің филиалдары Қазақстанда ашылған, дегенмен олардың рейтингі қазақстандық NU-дан әлдеқайда төмен.

"Рейтингтегі орнымызды нығайта түскеніміз біздің зерттеу жұмыстарын жүргізудегі сапа мен деңгейді ұстап тұруға және жоғарылатуға деген талпынысымызды тағы бір рет дәлелдеп отыр. Зерттеу жұмыстарының сапасы, зерттеу жұмыстарын жүргізетін орта және халықаралық ынтымақтастық – біздің мықты тұстарымыз. Бар болғаны 15 жылда осындай нәтиже көрсету – жас университет үшін үлкен жетістік. Президент Қ. Тоқаев өзінің “Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм” атты жолдауында еліміздің кадрлық әлеуетін көтерудің маңызына тоқталған. Ол үшін заманауи талаптарды қанағаттандыратын білім беру бағдарламалары бар отандық оқу орындарының қызметіне қолдау көрсету керек. NU-дың халықаралық рейтингтердегі жетістіктері – мемлекет басшысының жолдауының іс жүзінде қалай жүзеге асырылып жатқанының бірден-бір дәлелі", — деді NU президенті профессор Вакар Ахмад. Ол NU-ға ауысқанға дейін Әбу-Даби университеті басқарды, ол қазір THE рейтингінде 191-ші орында.

Еске сала кетейік, Times Higher Education бойынша NU Азия елдері университеттерінің ішінде – 129-шы орында, ал жас оқу орындары қатарында 106-шы орынға жайғасқан. Одан бөлек, NU-дың 22 пәні THE-дің пән бағалау рейтингіне кірді, атап айтқанда, білім беру, әлеуметтік ғылымдар, инженерия мен компьютерлік бағыттар жоғары бағаланған.

Университет қабырғасында жүргізіліп жатқан ғылыми зерттеулер мен жалпы ғылымның дамуы арқасында оқу орны осындай ауыз толтырып айтуға тұрарлық жетістікке жетіп отыр. Стэнфордтың бағалауы бойынша, NU-дың 35 ғалымы әлем бойынша ғылыми жұмыстарына өзге ғалымдар ең жиі жүгінетін үздік 2% зерттеушілер қатарына кірді. Қабырғасы қаланған 2011 жылдан бастап NU-дың оқытушылары мен ғалымдары Scopus деңгейіндегі журналдарға 9104 ғылыми еңбек жариялаған. NU ғалымдарына басқа халықаралық зерттеушілерге қарағанда 80%-ға жиі жүгінеді. Ғалымдар NU-дың ашылуының Қазақстанда жүргізіліп жатқан зерттеу жұмыстарының өнімділігіне қалай әсер еткеніне талдау жасаған. Оның нәтижесінде оқу орны ашылған сәттен кейінгі бір жылда бұл көрсеткіш 4%-дан 21%-ға көтерілген. Бүгінде оқу орны өзінің өнімділігін халықаралық рейтингтегі позициясы арқылы дәлелдеп келеді. Студенттер үшін бұл диплом мен алған білімнің бағасын көтеріп, оқытушылар мен ғалымдар үшін білім ордасының мәртебесін көрсетеді.

Талқылау