Блогер құрбыларымен бірге клубқа демалуға барған. Оның айтуынша, көршілес үстелде бірнеше ер адам мен бір қыз отырған, әлгі қыз кеш бойы жігіттердің бірімен жанжалдасып отыраған.
“Мен оны тек бір рет қана көрдім, олармен сөйлескен жоқпын, ешқандай жанжалға қатыспадым және жолымыз да түйіскен жоқ”, – дейді ресейлік блогер.
Бірнеше сағаттан кейін Фадеева құрбыларымен бірге кетпек болған. Алайда қыз шыға беріс жаққа беттеген сәтте кенеттен есінен танып құлаған. Кейін белгілі болғандай, ол басына тиген ауыр заттың соққысынан есін жоғалтқан, соққы салдарынан басы жарылған.
“Маған бірдеңе ұшып келе жатқанын көрген жоқпын. Бұл мүлде күтпеген жағдай болды. Кейін маған басыма ауыр зат тигенін айтты. Болжам бойынша, шыны бөтелке немесе үстел шамы. Мен құлап, есімнен танып қалдым”, – деп жазды блогер.
Ауруханада дәрігерлер турист қыздың басы мен ернінің жыртылғанын, сондай-ақ қатты қан жоғалтқанын анықтаған. Дәрігер жәбірленушінің жарақаттарын тігіп, антибиотиктер мен ауырсынуды басатын дәрілер тағайындаған. Блогердің айтуынша, ол әлі күнге дейін бас ауруынан зардап шегіп жүр. Сонымен қатар оның оң құлағы естімей қалған.
Фадееваның сөзінше, шабуыл жасаған адам – Гүлнара есімді Қазақстандық модель болып шыққан. Айтуынша, модель сүйіктісі Вячеславты блогер қыздан қызғанып, оған ауыр темір шамды лақтырған. Оқиғадан кейін жұп оқиға орнынан бой тасалаған.
Кейінірек жәбірленушінің жақындары әлеуметтік желілерден қазақстандық модельдің парақшасын тауып, онымен кездескен. Алайда қыз болған жағдайға қатысты ешқандай өкініш білдірмеген. Біраз уақыттан соң модельдің өкілдері Фадеевамен байланысқа шығып, кешірім сұрағанымен, моральдық және физикалық зиянды өтеу жөнінде ұсыныс жасамаған.
Әлеуметтік желіде ресейлік блогер қыз тек шабуыл жасаған адаммен ғана емес, сондай-ақ оқиға кезінде полиция шақырмаған және бейнебақылау жазбаларын ұзақ уақыт беруден бас тартқан бар басшылығымен де соттасуға ниетті екенін атап өтті.
Қазір Гүлнара қылмыс жасады деген күдікпен қамауға алынған, ол тергеудің келесі кезеңін күту үшін 60 күнге дейін қамауда болады.
