Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Олимпиада ойындарында жүлдеден тыс қалды

Италияның Милан қаласында өтіп жатқан 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындары аясында мәнерлеп сырғанаудан әйелдер арасындағы жекелей сында Софья Самоделкина Қазақстан намысын қорғады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қысқа бағдарлама қорытындысы бойынша ол 12-орынға тұрақтаған еді. Еркін бағдарламада 138,99 ұпай жинады.
Қос бағдарлама нәтижесінде 207,46 ұпай еншілеп, өзінің жеке рекордын жаңартты. Осылайша Софья жарысты жалпы есепте 10-орынмен аяқтады.
Жарыстан кейін спортшы қазақстандық жанкүйерлерге алғысын білдірді.
"Жанкүйерлердің қолдауы өте керемет. Әр жарыста соған қайта-қайта таңғаламын. Әлеуметтік желілерде Қазақстаннан арнайы ұшып келіп, қолына ту ұстап, мені қолдаған адамдардың бейнежазбаларын көріп жүрмін.
Мұндай қолдау үлкен күш береді. Саған қол соғып, сол энергияны сезінгенде өзіңді еркін ұстайсың. Сондықтан баршаңызға алғыс айтып, рахмет білдіргім келеді", – деді ол.
Сондай-ақ ол алдағы уақытта әлем чемпионатына қатысатынын жеткізді.
"Мен жарысқа нық сеніммен шықтым. Қысым емес, тек толқу болды. Өйткені мұзға шығып: “Уау, мен Олимпиададамын” дейсің. Бұл – қорқыныш емес, эмоцияның әсері. Алда мені 2026 жылғы әлем чемпионаты күтіп тұр", – деді Софья.
Бұл бәсекеде чемпиондық атақ 226,79 ұпаймен америкалық Алиса Лю еншіледі. Күміс жүлдені 224,90 ұпаймен жапониялық Каори Сакамото алса, қола медаль тағы бір жапониялық спортшы Ами Накаи иеленді.
Қазіргі таңда Қазақстан құрамасы Михаил Шайдоров жеңіп алған бір алтын медальмен жалпы командалық есепте 19-орында тұр.
Айта кетейік, Софья Самоделкина 2024 жылы Ресейге салынған санкцияларға байланысты Қазақстан азаматтығын алған еді.
"Денем кез келген уақытта ісіп кетеді": Қазақстандық өзінің ісік ауруымен ауыратынын 50 жылдан кейін ғана білген