Фото: Видеодан скрин
Әлеуметтік желіде Шымкенттегі Magnum дүкеніне кірген сатып алушының түсірген видеосы тарады. Видеодан үй жануарының нәжісі контейнердегі күрішпен араласып жақанын көруге болады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға Шымкенттегі Володарский көшесіндегі сауда нүктесінде болған.
Magnum компаниясының Halyqstan Telegram арнасына берген жауабында, түнде дүкен қызметкерлері тауар қабылдағаны айтылған. Тауарды түсіру аймағы арқылы екі мысық абайсызда залға кіріп кеткен.
Таңертең контейнерлердің бірі ашық қалып қойғаны анықталды. Камера жазбаларынан 12:07-де жануар контейнердің ішіне секірген, ал мұны сатып алушы екі минуттан кейін байқаған.
“Бұзылған өнім мен контейнер сөреден алынып тасталды, ғимаратта санитарлық тазалау жүргізілді және қалған тауарлар тексерілді. Басқа бұзушылықтар анықталған жоқ. Сондай-ақ мысықтарды іздеуге жануарларды қорғаушылар жұмылдырылды”, – деп мәлімдеді Magnum қызметкерлері.
Компания қызметкерлерінің айтуынша, мұндай жағдай дүкенде алғаш рет болып тұр. Алдағы уақытта бұл жағдай қайталанбас үшін қауіпсіздік шараларын қайта қарастыратынын айтып, уәде берді.