Жалақысы 200 мың теңге, ал несиесі екі есе көп: Сот банктерді қазақстандық көпбалалы анаға көмектесуге міндеттеді
Тараздық әйел тұтынушылық несие бойынша бес банкке 6 миллион теңгеден астам қарыз болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әйел балалардың әкесімен ресми некеде емес, ЖШС-де оператор болып жұмыс істейді және 220 мың теңге жалақы алады. Ал оның ай сайынғы несие бойынша төлемдері 395 мың теңге болып, табысынан едәуір асып түскен. Сонымен қатар ол отбасы шығындарын төлейді.
Төрт баланың анасы сотқа жүгініп, төлем қабілеттілігін қалпына келтіруді сұраған.
Ол несиелік жүктеменің шамадан тыс екенін көрсетіп, ай сайынғы төлемдерді азайта отырып, қарызды өтеу мерзімін 60 айға дейін ұзартуды сұраған. Бес кредитордың төртеуі талапты қанағаттандыруға қарсы болған.
“Тараз қалалық соты талап қоюшының уәждері іс материалдарымен толықтай расталған, оның әрекетінде арам пиғылдың белгілері жоқ деген қорытындыға келген. Сот талап қоюды қанағаттандырып, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру тәртібін қолданды, оған сәйкес қарыз 5 жыл бойы ай сайын өтеледі”, – деп мәлімдеді сот.
Сот шешіміне екі кредитор банк шағым түсірген. Алайда Жамбыл облыстық соты шешімді өзгеріссіз қалдырды. Сот актілері заңды күшіне енді.

"Балам әкесінің дертін "мұра" етіп алды": Қазақстандық шизофрениямен ауыратынын 16 жыл бойы әйелінен жасырып келген
