Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда көпбалалы әйелдерге 8 наурызға орай 43 мың теңгеге дейін біржолғы төлем беріледі

Фото: Stan.kz / ЖИ көмегімен жасалған

Қазақстанда 8 наурызға берілетін әлеуметтік көмек өңірге қарай 5 есеге дейін айырмашылық бар. Мысалы, бір өңірде аналарға 43 мың теңге төленсе, басқа аймақта 8 мың теңге ғана беріледі. Ал кейбір облыстар бұл мерекеге қаржы бөлуді тіпті қажет деп таппаған. Бұл туралы Stan.kz тілшісі зерттеп көрді.

Қазақстанда 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында көпбалалы аналарға біржолғы әлеуметтік көмек көрсету тәжірибесі қалыптасқан. Дегенмен өңірлердегі мәліметтерді салыстырғанда, әлеуметтік көмектің мөлшері мен оған бөлінген қаржы көлемі біркелкі емес екені анық байқалады. Кейбір облыстар жүздеген миллион теңге бөліп, ондаған мың ананы қамтып отырса, енді бір өңірлерде бұл мерекеге арнайы әлеуметтік көмек мүлде қарастырылмаған.

Төлем мөлшері бойынша ең төмен көрсеткіш Түркістан облысында тіркеліп отыр. Өңірде 8 наурыз мерекесіне орай "Батыр ана", "Алтын алқа", "Күміс алқа" иегерлері мен "Ана даңқы" ордендерінің иелеріне 2 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (АЕК), яғни 8 650 теңге көлемінде біржолғы көмек беріледі. Түркістан облысы республикадағы көпбалалы аналар ең көп шоғырланған өңір саналады. Мұнда 191 мыңнан астам көпбалалы ана бар. Биыл мерекеге орай 57 163 әйел қамтылып, жергілікті бюджеттен 494,4 миллион теңге бөлінеді.

Астана қаласында төлем мөлшері 2,5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде белгіленген. Яғни әрбір алушыға 10 813 теңге төленеді. Елорда әкімдігінің мәліметінше, көмек шамамен 37 мың көпбалалы отбасы мен аналарға беріледі.

Ал Шығыс Қазақстан облысында көпбалалы аналарға 15 мың теңге көлемінде біржолғы төлем беріледі. Өңірде 13 438 көпбалалы отбасы тіркелген. Барлық төлемді есептегенде, бұған  шамамен 201,5 миллион теңге жұмсалады.

Маңғыстау облысында да төлем мөлшері шамалас. Мұнда "Алтын алқа", "Күміс алқа" иегерлері мен "Батыр ана" атағын алған аналарға жылына бір рет 15 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек қарастырылған. Биыл төлемді шамамен 14 мыңға жуық ана алады. Төлемдер наурыз айында жүргізіледі.

Ұлытау облысында көпбалалы аналарды қолдауға 187,5 миллион теңге бөлінген. Мұнда "Алтын алқа", "Күміс алқа" иегерлері, "Батыр ана" атағын алған және "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған 9 375 анаға 20 мың теңгеден біржолғы көмек беріледі.

Қарағанды облысында мерекеге орай әлеуметтік қолдау ауқымды түрде ұйымдастырылып отыр. Мұнда 23 422 адамға 20 мың теңгеден біржолғы материалдық көмек беріледі. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 468,4 миллион теңге бөлінген. Сонымен қатар әлеуметтік осал топтарға арналған мерекелік түскі ас, азық-түлік себеттерін тарату және түрлі мәдени іс-шаралар өткізу де жоспарланған.

Шымкент қаласында "Алтын алқа" және "Күміс алқа" иелеріне 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 21 625 теңге көлемінде біржолғы төлем беріледі. Жалпы қала бойынша 14 267 анаға қаржылай қолдау көрсетіледі. Қаражат жергілікті бюджет есебінен бөлінеді.

Атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарындағы павлодарлық көпбалалы аналарға 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 21 625 теңге мөлшерінде төлем қарастырылған. Биыл мұндай көмекті 650-ден астам ана алады.

Абай облысында да төлем мөлшері осы деңгейде белгіленген. Мұнда "Алтын алқа", "Күміс алқа" иегерлері, бұрын "Батыр ана" атағын алған аналар және төрт немесе одан көп баласы бар отбасыларға 21 625 теңге көлемінде біржолғы көмек беріледі. Жалпы облыс бойынша 19 824 ана қамтылады. Семей қаласында да осындай мөлшерде төлем беріліп, 6 мыңнан астам адам қамтылады.

Солтүстік Қазақстан облысында төлем мөлшері ең жоғары өңірлердің бірі болып отыр. Мұнда "Алтын алқа", "Күміс алқа" иегерлері мен "Батыр ана" атағын алған аналарға 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 43 250 теңге төленеді. Ал төрт және одан көп баласы бар отбасыларға 5 айлық есептік көрсеткіш – 21 625 теңге беріледі. Бұл мақсатқа облыс бюджеттерінен 239,4 миллион теңге бөлініп, 7 мыңнан астам отбасы қамтылады.

Сонымен қатар бірқатар өңірлерде 8 наурыз мерекесіне орай арнайы әлеуметтік көмек қарастырылмаған. Олардың қатарында Алматы қаласы, Ақтөбе облысы, Алматы облысы, Қостанай облысы, Қызылорда облысы, Жамбыл облысы, Жетісу облысы, Атырау облысы және Батыс Қазақстан облысы бар. Өңірлерде мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылуы мүмкін болғанымен, көпбалалы аналарға арналған біржолғы қаржылай төлем бөлінбеген.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 04 Наурыз, 2026 12:27