Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық конькишілер 2026 жылғы Олимпиадаға жолдама ұтып алды

Милан ОлимпиадаФото:Туризм және спорт министрлігі

2026 жылы Италияда өтетін қысқы Олимпиада ойындарында конькимен жүгіруден Қазақстан атынан өнер көрсететін спортшылар анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұған дейін мәнерлеп сырғанаудан Михаил Шайдоров пен Софья Самоделкина әлем чемпионатында жоғары нәтиже көрсетіп, Олимпиадаға екі лицензия жеңіп алған еді.

Сонымен қатар шорт-трек құрамасы да табысты өнер көрсетті. Нәтижесінде ел қоржынына тағы 9 жолдама қосты. Жаттықтырушылар штабының шешіміне сәйкес, Миланда шорт-тректен Денис Никиша, Абзал Әжіғалиев, Ольга Тихонова және Яна Хан жарыс жолына шығады.

Ал конькимен жүгіруден Қазақстан құрамасы 14 қараша мен 14 желтоқсан аралығында АҚШ, Канада, Нидерланд және Норвегияда өткен Әлем кубогі кезеңдерінде 12 олимпиадалық лицензияға қол жеткізді. Осы нәтижелер негізінде ұлттық құраманың бапкерлері Олимпиадаға қатысатын спортшыларды бекітті. 

Олар:

  • Евгений Кошкин
  • Кристина Силаева
  • Елизавета Голубева
  • Надежда Морозова
  • Арина Ильященко

Қазіргі таңда Қазақстан құрамасының еншісінде қысқы спорттың үш түрі бойынша жалпы саны 23 олимпиадалық жолдама бар.

Айта кетейік, XXV қысқы Олимпиада ойындары 2026 жылдың 6–22 ақпаны аралығында Милан мен Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтеді. Олимпиадаға әлемнің 90-нан астам елінен 3,5 мыңға жуық спортшы қатысады.

Ақерке Өмірхан
Сейсенбі, 23 Желтоқсан, 2025 21:14