"50 күн бойы антибиотик іштім": Қазақстандық қолдың қаймағынан бруцеллез жұқтырған
Фото: Ru.freepik.com
Қазақстандық қолдың қаймағын жеп, бруцеллез жұқтырып алған. Сүт өнімдерінен бруцеллез жұқтыруға болатынын білмеген ол көпшілікті мүлдем қаймақ тұтынбауға шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Қаймақ жемеңдер. Дәмханада, үйде қаймақ жердің алдында абай бойыңыз. Қаймақтың кесірінен 50 күн бойы антибиотик ішіп, 4 ай бойы күн сайын түн ортасында арқам, жамбасым мен тізем ауырып оянып кетіп жүрдім. Қазірдің өзінде ақсаңдап жүремін. Екі ай ауырсынуды басатын дәрі іштім. Қаймақтан бруцеллез жұқтырып алатынымды білгенде өмірімде қаймақ жемес едім”, – деп жазды желі қолданушысы.
Инфекциолог дәрігер Абылай Қалдарбекұлы сүт өнімдерінен бруцелез ауруын жұқтыру әбден мүмкін екенін айтты.
“Ауруды жұқтырмас үшін алдын алу керек. Бруцелла қоздырғышы сүт, айран, қаймақ, ет өнімдерінде кездесуі мүмкін. Аурудың белгілері: шаршағыштық, әлсіздік, буындардағы қақсау, ісіну және дене температурасының жоғарылауы. Бруцеллезден тұрақты ем-шара жасап, 45 күнде толық жазылып шығуға болады. Науқас 20 күн стационар деңгейінде емделсе, 25 күн тұрғылықты мекенжайы бойынша участкелік дәрігер бақылауында болады. Ем-шара ерте басталса тезірек сауығып кетуге болады”, – дейді Абылай Қалдарбекұлы.
Сондай-ақ дәрігер сүт өнімдерін сапалы жеткізушілерден және балғын күйде алуға кеңес береді.
“Мүмкіндігінше стерилизациядан қайнату арқылы өткізген дұрыс. Дәрігер ретінде ет, сүт өнімдерін мұқият дайындап және 15 минут көлемінде қайнатуды ұсынамын”, – деді инфекционист.

"Шетелде билетсіз, қонақүйсіз далада қалдым": Қазақстандықтар авторлық тур сатып аламыз деп 2 млн теңгеге дейін қаражаттарынан қағылған
