Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық қыздарды Бахрейнде сексуалды құлдыққа сатқан: Күдікті елімізге экстрадицияланды

Қазақстаннан Бахрейнге қыздарды жезөкшелікке сатқан әйел елімізге экстрадицияланды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"2021 жылғы 5 маусымда Бас прокуратура мен Интерпол қызметкерлері Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің көмегімен Бахрейн Корольдігінен Зарифа Османованы экстрадициялады. Оған Қазақстаннан Бахрейнге қыздарды жыныстық қатынасқа түсу мақсатында пайдалану үшін жіберуді жүзеге асырған трансұлттық ұйымдасқан топты басқарған деген күдік келтірілуде", – делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, қылмыс жасалғаннан кейін З.Османова қылмыстық қудалау органдарынан жасырынды, сол үшін халықаралық іздеуге жарияланған.

"Жалпы зардап шеккен 39 адамды анықтадық, олар Шымкент қаласы мен Түркістан облысының тұрғындары. Қазіргі кезде қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде 19 адам танылды. Олардың арасында үшеуіне іздеу жарияланды", – деді ҚР Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов.

Еске салсақ, бұған дейін қазақстандық бойжеткендерді Бахрейнге сексуалды құлдыққа сатқандар анықталған еді. 


Талқылау