Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық қыз мұраны алу үшін әкесін маскүнем етіп көрсетпек болған

пәтерді даулау

Фото: ЖИ

Қазақстандық қыз әкесінің немересінің пайдасына жасаған өсиетін сот тәртібімен даулаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қыздың әкесі дүниеден өтіп кетіпті. Алайда тірі кезінде мұрасын немересіне жазып кеткен. Бірақ, қызының сөзінше, мұра қалдырушы тірі кезінде спирттік ішімдіктерді шамадан тыс пайдаланған, наркологиялық диспансерде есепте тұрған, алкоголизмнен ем қабылдаған және соның салдарынан өз әрекетін басқара алмаған.

Талап қоюшының пікірінше, бұл оның мұрагер ретіндегі құқықтарын бұзады.

Бірінші сатыдағы сот қайтыс болғаннан кейін жүргізілетін психологиялық-психиатриялық сараптама тағайындаған. Сараптама қорытындысына сәйкес, өсиет жасалған сәтте мұра қалдырушыда психикалық бұзылыс белгілері болған, соның салдарынан ол өз әрекеттерінің мәнін ұғына алмаған және оларды басқара алмаған.

Алайда бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар бұл қорытындыны назарға алмады, себебі оның негізіне алынған дәлелдемелер, яғни дәрігерлік кеңес, учаскелік инспектордың рапорты, көршілердің мінездемелері жол берілмейтін дәлелдемелер деп танылды.

“Сот мұра қалдырушы тірі кезінде психиатр мен наркологтың есебінде тұрмағанын, алкоголизмнен ем қабылдамағанын, әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанын, сондай-ақ өсиет жасалған кезеңде сараптама материалдарында көрсетілгендей Астанада емес, Алматы қаласында тұрғанын анықтады. Істі қарау барысында сот психикалық денсаулық саласындағы медициналық-әлеуметтік көмек көрсету стандарттарының бұзылғанын анықтады”, – делінген хабарламада.

Бірінші сатыдағы сот уәкілетті органға жолданған жеке ұйғарым шығарды. Аталған ұйғарым заңды күшіне еніп, нәтижесінде психиатр дәрігердің лицензиясы күшін жойды.

Кассациялық сот төменгі сатыдағы соттардың тұжырымдарымен келісіп, өсиеттің мазмұны азаматтық заңнама талаптарына сәйкес келетінін көрсетті.

Нотариус өсиетті куәландыру рәсімін сақтаған, мұра қалдырушыға жасалып отырған мәміленің құқықтық салдары түсіндірілген. Мұра қалдырушының ерік білдіру фактісі өсиет жасалған кезде қатысқан куәнің айғақтарымен расталды.

Куә мұра қалдырушы 2014 жылдан бері онымен бірге тұрған немересіне пәтерін саналы түрде қалдыруға шешім қабылдағанын түсіндірген. Осылайша кассациялық саты мұра қалдырушы өз мүлкіне заңда белгіленген тәртіппен тиісті түрде билік еткенін, тірі кезінде өсиетті жоймағанын және өзгертпегенін анықтады.

Қырмызы Скендирова
Бейсенбі, 08 Қаңтар, 2026 11:43