Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық ІТ саласындағы жұмыс беруші ТОП-10 компания анықталды

Қаңтар айының соңында People Consulting пен Digital Business компаниялары технологиялық серіктес Gro.now ұйымымен бірлесе отырып ІТ-қауымдастық арасында жыл сайынғы сауалнама жүргізді. Зерттеудің мақсаты – қазақстандық IT-компаниялардың жұмыс беруші ретіндегі рейтингін қалыптастыру.

Сауалнамаға қатысушылар қай компанияларда жұмыс істегісі келетінін және қай компанияларды жұмыс орны ретінде таңдамайтынын көрсеті. Зерттеуге Қазақстанның 14 қаласынан мыңнан астам ІТ-маман қатысты. Респонденттердің басым бөлігі – middle және senior деңгейіндегі мамандар. Қатысушылардың 68%-ы 22-36 жас аралығында.

Үшінші жыл қатарынан Yandex Qazaqstan қазақстандық ІТ-индустриядағы ТОП-1 жұмыс беруші атанды. Сауалнама нәтижесі бойынша респонденттердің 66%-ы jcs компанияда жұмыс істегісі келетінін мәлімдеген. Бұл – рейтингке енген барлық компания арасындағы ең жоғары көрсеткіш.

Рейтингтің алғашқы үштігіне сондай-ақ Kolesa Group (58%) және InDrive (49%) енді. Бұл компаниялар өткен жылмен салыстырғанда өз позицияларын сақтап қалды. Сауалнама нәтижесі ІТ-қауымдастықтың таңдауы тұрақты екенін және HR-бренді мықты жұмыс берушілердің белгілі бір тобы қалыптасқанын көрсетеді.

People Consulting компаниясының Executive Search бағыты бойынша серіктесі Арман Шоқпаровтың айтуынша, зерттеу үшінші жыл қатарынан ІТ және цифрлық сала мамандары арасында жүргізіліп келеді.

"Биыл біз 14 қаладан жауап алдық. Респонденттердің 5-7%-ы сауалнаманы қазақ тілінде толтырды. Барлығы 1 000 адамның жауабын небәрі төрт күн ішінде жинадық. Бұл рейтинг өзектілігін жоғалтпағанын дәлелдейді. ІТ-қауымдастық жұмыс берушілерге тілек-қалауын жеткізуге мүдделі. Бұл рейтинг – мамандарға өз пікірін ашық білдіруге мүмкіндік беретін сирек платформаның бірі. Ол жұмыс берушінің қаншалық қызықтыратыны не қызықтырмайтыны туралы нақты ақпарат береді. Менеджмент пен бизнес-стратегиядағы өзгерістер компанияның рейтингідегі позициясына бірден әсер етеді", – деді ол.

Зерттеу барысында ІТ-мамандардың жұмыс берушіні таңдағанда қандай ақпарат көздеріне сүйенетіні де анықталды. Бірінші орында қазіргі немесе бұрынғы қызметкерлердің ұсыныстары мен пікірлері (26%) тқр. Ал респонденттердің 25%-ы компанияның нарықтағы беделіне мән береді.

2026 жылы жұмыс берушіні таңдаудағы негізгі факторлар арасында кәсіби даму мүмкіндігі (16%) алдыңғы орынға шыққан. Одан кейін қашықтан немесе гибрид форматта жұмыс істеу мүмкіндігі (15%), компанияның қаржылық тұрақтылығы (15%), қызықты жобалар мен міндеттер (14%), сондай-ақ команда мен корпоратив мәдениет (13%) аталған.

Зерттеу авторларының пікірінше, нәтижелердің тұрақты қайталануы ІТ-нарықтың жетілгенін және жұмыс берушілерге қатысты көзқарастың орныққанын көрсетеді. Осылайша, рейтинг компаниялар үшін тек бедел көрсеткіші ғана емес, кәсіби қауымдастықтан түсетін стратегиялық кері байланыстың құралына айналып отыр.

People Consulting компаниясының HR-консалтинг бағыты бойынша серіктесі Александр Прокопенко рейтингтің төменгі бөлігінде көбіне ірі және танымал компаниялар болатынын атап өтті.

"Антитопқа жиі түсетін компаниялар бренд мәселесінен емес, тиімсіз жұмыс ортасы, артық бюрократия, HR және agile-практикалардың формалды түрде енгізілуі секілді басқарушылық және мәдени шектеулерден зардап шегеді. Антитоптан шығу үшін тек коммуникация бағытындағы немесе PR әрекеттер жеткіліксіз. Бұл үшін басқарушылық трансформация, менеджмент рөлін қайта қарау, ІТ-мамандарды тарту, артық бюрократияны азайту керек және, ең бастысы, нарықтың осы өзгерістерді қабылдауына уақыт талап ететінін ескеру қажет.
Респонденттердің басым бөлігі қазақстандық және шетелдік компаниялар арасында айтарлықтай айырмашылық жоқ деп санайды. Ұйымдарды жұмыс беруші ретінде бағалау географиядан гөрі басқару мәдениетіне, ішкі процестер сапасына және компания ішіндегі нақты жұмыс тәжірибесіне негізделеді", – деді ол.
STAN.KZ
Жұма, 13 Ақпан, 2026 16:54