Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық ғалым әзірлеген қатерлі ісікке қарсы дәрі 160 миллион долларға бағаланды

Қуанышбек СәрсенбайФото: instagram.com/k_sarsenbay

London Rate халықаралық бағалау компаниясы қазақстандық ғалым әзірлеген Sovetonko дәрісін 160 миллион долларға (83 миллиард теңге) бағалады. Отандық ғалым Қуанышбек Сәрсенбай Stan.kz ақпарат агенттігіне дәрі жөнінде мағлұмат берді.

Қатерлі ісікке қарсы Sovetonko дәрісі Берн конвенциясы қорғайтын алты бірдей халықаралық патентке ие болған.

"Негізі бұл дәріні 1975-1980 жылдары Совет Дінов есімді нағаш атам тауып, зерттеген. Атам 1938 жылы дүниеге келген. 2024 жылы дүние салды. Атамның құрметіне дәріні Sovetonko деп атадым. Мен бұл дәріні зерттеумен 5 жылдан бері айналысып келемін. Қазіргі уақытта қатерлі ісікке қарсы бұл дәріні халыққаралық деңгейге шығаруға талпыныс жасап жатырмын", – дейді Қуанышбек Сәрсенбай.

Sovetonko 2023 жылы алғашқы зертханалық сынақтардан сәтті өткен. Дәрі лейкемия, асқазан қатерлі ісігі, жатыр мойны обыры және Беркитт лимфомасымен күресте жоғары нәтиже көрсеткен.

Бірқатар зерттеуге сәйкес, дәрінің тиімділігі 100 пайызды көрсеткен. Қазір әзірлеушілер жетекші фармацевтикалық компаниялар мен инвестициялық қорлардан түскен түрлі ұсыныстарды қарастыруда.

"2022 жылы БАҚ арқылы дәріні зерттеуге көмек сұрадық, бірақ мемлекеттен ешқандай көмек ала алмадық. Сенімсіздік танытып, күлгендер болды. Басында бір ғана жеке инвестор кішігірім көмек көрсетті. Қазір дәріні осы күйде компания ретінде сатып алуға ұсыныстар түсіп жатыр. London rate халыққаралық бағалау компаниясы компнаия ретінде 160 миллион долларға бағалап отыр. Қазақстан тарапынан қызығушылық жоқ", – дейді қазақстандық ғалым.

Аида Тақабаева
Сейсенбі, 24 Маусым, 2025 18:04
Талқылау