Қазақстандық футболшы Еуропада дебют жасады
Фото:Paul Devlin/SNS Group via Getty Images
Қазақстан ұлттық құрамасы мен қостанайлық "Тобылдың" шабуылшысы Ислам Чесноков Еуропа төрінде дебют жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Шотландия кубогының 1/16 финалында "Хартс" командасы "Фалкиркке" қарсы ойнады. Матчтың алғашқы таймында алаң иелері айтарлықтай қауқар көрсете алмай, 0:1 есебімен ұтылып жатты.
Екінші таймның 77-минутында бас бапкер Ислам Чесноковты алаңға қосты. Осы сәттен бастап қазақстандық футболшы ойын барысын "Хартстың" пайдасына өзгертті. Ол қарсылас қақпасына бағытталған бірқатар қауіпті шабуылдардың бастамашысы болып, "Фалкирк" қорғаушыларына айтарлықтай қиындық туғызды.
Ойын барысында Ислам Чесноковқа қарсы ереже бұзылып, төреші пенальти белгіледі. 85-минутта Лоренс Шенкленд он бір метрлік айып добын дәл орындап, есепті теңестірді.
Негізгі уақытта қос команда бір-бірінің осал тұсын пайдалана алмай, ойын тең аяқталды. Ал пенальти сериясында 5:4 есебімен "Фалкирк" жеңіске жетіп, келесі кезеңге жолдама алды.
Осылайша, "Хартс" Шотландия кубогындағы жорығын аяқтады.
Айта кетейік, "Хартс" келесі ойынын 25 қаңтарда "Селтикке" қарсы өткізеді.
Жаңа үйленсе де өзге қыздарға жазады: Қазақстандық психолог неліктен ерлердің опасыздыққа баратынын айтты