Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық ер адам Threads желісінде референдумға қатысты сауалнама жүргізгені үшін айыппұл арқалады

Фото: ChatGpt арқылы жасалды

Алматыда желідегі парақшасында жаңа Конституция жобасына қатысты сауалнама жүргізген азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Прокуратура оны заңсыз қоғамдық сауалнама өткізді деп танып, айыппұл салған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Алмалы аудандық прокуратурасы Threads желісінде референдум тақырыбында сауалнама жүргізген қазақстандыққа 15 АЕК (64 875 теңге) көлемінде айыппұл салды. 

Жолдасбек Темірғалиев есімді азамат желіде жаңа Конституция жобасына қатысты сауалнама жариялаған. Ал оған 2 880 қолданушы қатысқан. Осыдан кейін ол Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 120-бабының 3-бөлігі (Сайлауға байланысты қоғамдық пiкiрге сауал салуды жүргiзу шарттарын бұзу) бойынша жауапқа тартылып, жариялаған жазбасын өшірген. 


Жаңа Конституция бойынша референдумда бюллетень қандай болады – Орталық сайлау комиссиясы таныстырды


Қазақстандық БАҚ Конституция бойынша референдумға қатысты сауалнама үшін айыппұл арқалады


Ол бұл сауалнаманы бұрын жарияланған деректермен салыстыру үшін өткізген екен. Атап айтқанда, телефон арқылы жүргізілген зерттеуде 1 200 сауалнамаға қатысушының 78%-ы түзетулерді қолдағаны көрсетілген. Сол мәліметтің қаншалықты шынайы екенін тексермек болған.

“Бөлім прокуроры, аға лейтенанттың қабылдауына бардым. Прокурор шақыру себебін түсіндіріп берді. Адвокат немесе аудармашы керек пе деп сұрады. Мен қажет емес екенін айттым. Нәтижесінде 15 АЕК (64 875 теңге) айыппұл салынды. Егер айыппұлды алғашқы 7 күннің ішінде төлесем, 50% жеңілдік қарастырылған”, – деп жазды ол Threads парақшасында. 

Фото: Threads

Айта кетейік, заңнамаға сәйкес, референдум мәселесі бойынша сауалнама жүргізуге Қазақстанда тіркелген, кемінде 5 жыл социологиялық зерттеу тәжірибесі бар заңды тұлғалар ғана құқылы. Сонымен қатар мұндай сауалнама өткізу үшін Референдумның орталық комиссиясын міндетті түрде алдын ала хабардар ету қажет. 

Бұған дейін осындай себеппен “Уральская неделя” басылымы мен “Азаттық” радиосының тілшісі Мақпал Мұқанқызы да айыппұл арқалаған еді.

Айта кетейік, бұған дейін Оралда тәуелсіз бақылаушылар бірлестігіне референдумға қатысты сауалнама жүргізгені үшін айыппұл салынғаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 26 Ақпан, 2026 17:25