Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық көлік жуу орталығына барып, құны 20 млн теңге тұратын Land Cruiser көлігінен айырылып қалды

қымбат жол талғамайтын көлік (1)Фото: Іrbistv.kz

Павлодарда көлік жуу орталығына тапсырылған қымбат жол талғамайтын көлік түнде жуушының айдап кетуі салдарынан жол апатына ұшырады. Қазір иесі миллиондаған шығынды кім өтейтінін анықтай алмай отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Іrbistv.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Павлодар тұрғыны құны 20 миллион теңгеден асатын жол талғамайтын көлігін 10 қаңтар күні күндіз көлік жууға тапсырған. Түнде полициядан қоңырау түсіп, әуежай маңында көлікті 18 жастағы жігіт соғып кеткені белгілі болды. Салонда тағы бір жігіт пен екі қыз болған. Қазір көлік мүлде жарамсыз күйде, ал иесі шығынды кімнен өндіретінін білмей отыр.

Жәбірленушінің өкілі Гүлмира Қажиеваның айтуынша, көлік жуу орнының басшылығы жауапкершілікті мойнына алудан бас тартқан. Оның пікірінше, кінә тек көлікті айдап кеткен жуушыға ғана емес, көлікті сақтауға міндет алған мекеме басшылығына да жүктелуге тиіс.

Өкілдің сөзінше, күдікті қарапайым отбасынан шыққан жас жігіт. Сонымен қатар ол тергеуге қатысты да сұрақтар барын айтты. Бір айдан астам уақыт өтсе де, істің қалай жүріп жатқаны жөнінде нақты ақпарат жоқ, сараптама нәтижелері дайын емес.

Сондай-ақ, тергеуші көлікті бағалау үшін жәбірленушіден өз қаражатына эвакуатор жалдап, Toyota Center-ге жеткізіп, бағалатып, кейін айып тұрағына қоюды талап еткенін мәлімдеді. Павлодар қаласы оңтүстік полиция бөлімінің басшысының орынбасары Әлібек Салатовтың хабарлауынша, көлікті заңсыз иелену фактісі бойынша күдікті ұсталып, кінәсін мойындаған. Сотқа дейінгі тергеу Қылмыстық кодекстің 200-бабы 1-бөлігі (Ұрлау мақсатынсыз автокөлікті заңсыз иелену) бойынша жүргізіліп жатыр. Шығын көлемі анықталып, автотауарлық сот сараптамасы тағайындалған.

Соның қорытындысына қарай процессуалдық шешім қабылданады. Жәбірленуші тараптың тәуелсіз бағалауына сәйкес, келтірілген шығын 6 миллион теңгеден асады. 



Еске салайық, бұған дейін үстіне бензин төгіліп кеткен әйел жанармай құю бекетінен 300 мың теңге өндіріп алғанын жазған едік. Қостанай қалалық соты арызданушы әйелдің өзі көлік құралын жанармай құюдың белгіленген тәртібін бұзғанын анықтады. Сот мәліметінше, жанармай құю колонкасында бензин құйып жатқан клиенттерге алдымен пистолетті көліктің багына салып, содан кейін ғана кассада төлем жасау қажеттігі туралы ескерту бар.

Айым Атамбаева
Жұма, 20 Ақпан, 2026 12:10