Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Азаматтарды таңдау құқығынан айырды": Депутат Fly Arystan әуе компаниясының билет бағасын төмендетуді талап етті

Фото: flyarystan.com

Депутат Сергей Пономарев FlyArystan әуе компаниясындағы рейстердің кешігуі мен қосымша жүк үшін төленетін төлем туралы айтып, қазақстандық лоукостердің жұмысын қатаң сынға алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Депутат рейстің ұшарынан 8 күн бұрын оны 10 сағат 45 минутқа кешіктіретіні туралы ескерту алған. Пономарев осы мәселеге байланысты депутаттық сауал жолдап, әуе компания өкілдерімен жеке кездесуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

“Мен ұзақ уақыт шыдап келдім. Бірақ бүгін, ұшуға 8 күн қалғанда, рейстің 10 сағат 45 минутқа кешіктірілетіні туралы хабар алғанымда шыдамым таусылды. Ешқандай себеп түсіндірілмеді. Айтпақшы, бұл – компания үшін қалыпты жағдай: олар адамдармен сөйлеспейді, кешірім сұрамайды, себептерді түсіндірмейді. Алайда олар адамдармен және адамдар үшін жұмыс істейді ғой. Қазір билетті қайтару немесе ауыстыру маған толық билет құнынан сәл ғана арзанға түсейін деп тұр. Бірақ әуе компаниясы өзін, дәйексөз келтіремін "бюджеттік, арзан, жеңілдік ұсынатын компания, жолаушыларға арналған дәстүрлі қызметтерден бас тартудың орнына ең арзан билет құнын ұсынатын лоукостер" деп таныстырады. Депутаттық сауал дайындаймын және компания өкілдерімен жеке кездесемін”, – деп жазды Сергей Пономерев.

FlyArystan әуе компаниясы депуттатың бұл жазбасына жауап берді.

"Сергей Пономарев мырзаның рейс уақытының өзгеруі өндірістік қажеттілікке байланысты. Атап айтқанда, Қазақстандағы бірқатар ішкі әуежайлардың жабылуына байланысты рейстердің тоқтап қалмауы үшін маршруттық желіні оңтайландыру жүргізіліп жатыр. Мұндай жағдайларда әуе компаниясы жолаушыларға екі нұсқа ұсынады: жақын арада қолжетімді рейске бір реттік тегін қайта брондау немесе толық ақшалай қайтарым", — деп мәлімдеді FlyArystan.

Компания билетті рәсімдеу үшін оны сатып алған орынға жүгіну қажет екенін айтты.

"Бұл жағдайда билетті қайтару немесе ауыстыру құны жаңа билетпен бірдей деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Компенсация мен қызметтің қолжетімді нұсқалары туралы барлық ақпарат жолаушыларға жіберілетін хабарламада көрсетіледі", – деп хабарлады баспасөз қызметі.

Әуе компаниясының мәліметінше, мәжіліс депутаты Пономарев өз рейсін қайта брондаған.

"2025 жылғы 11 маусымда сағат 14:09-да Сергей Пономарев байланыс орталығы арқылы тегін қайта брондау мүмкіндігін пайдаланып, бастапқы таңдаған рейсінен 2 сағат 20 минут бұрын ұшатын рейске ауыстырды. Сондай-ақ жолаушылардың өз жоспарларында өзгерістер болуы мүмкін екенін ескере отырып, билет сатып алу кезінде “Икемді” тарифті таңдауға болатынын еске саламыз. Бұл тариф рейсті қайтару немесе өзгерту мүмкіндігін қарастырады", – деп хабарлады баспасөз қызметі.

Қол жүгіне қатысты қандай ережелерді ескеру керек?

Сондай-ақ әуе компаниясы қол жүгін тасымалдауға қатысты жағдайға түсініктеме берді.

"Классикалық лоукостер моделі бойынша жұмыс істейтін әуе компаниясының ережесіне сәйкес, жолаушыға салмағы 5 келіден аспайтын және өлшемі 56 × 23 × 36 сантиметрден үлкен емес бір ғана қол жүгін алып жүруге рұқсат етіледі. Жолаушының жанында болатын барлық зат (сөмкелер, пакеттер, рюкзактар және т.б.) қол жүгі ретінде есептеледі. Белгіленген нормадан асқанда, қолданыстағы тариф бойынша 10 келі үшін белгіленген ақы алынады", – деп мәлімдеді компания.

Әуе тасымалдаушысы келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұрады. Сондай-ақ жолаушыларға компанияның ресми сайтындағы ережелермен алдын ала танысып шығуға кеңес берді. Сондай-ақ брондау кезінде көрсетілген байланыс деректері арқылы барлық өзгеріс туралы мүмкіндігінше ерте хабар беруге тырысатынын жеткізді.

Айым Болатқызы
Бейсенбі, 12 Маусым, 2025 17:23
Талқылау