Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық боксшының үйі Лос-Анджелесте өртеніп кетті (видео)

Фото: Видеодан скрин

Лос-Анджелесте қазақстандық боксшы Мадияр Әшкеевтің үйінде өрт шықты. Оқиға туралы Қазақстан құрамасының бұрынғы мүшесі Instagram парақшасында айтып, оқиға орнынан видео жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Видеодан ғимараттың бір бөлігін өрт шарпығанын, ал өрт сөндірушілер жалынды ауыздықтауға тырысып жатқанын көруге болады. Спортшының айтуынша, өрт күндіз, отбасы ауызашарға шығуға дайындалып жатқан кезде болған.

"Көріп тұрғандарыңыздай, біздің үйіміз өртеніп кетті. Қасиетті Рамазан айында Алланың бізге жіберген кішкентай сынағы. Бұл үйде біз көптеген досты, чемпиондар мен батырларды қарсы алуды жоспарлаған едік. Сағат шамамен төрттер шамасы еді. Ержан ағамыз бізді ауызашарға шақырған болатын. Біз ауызашарға шығуға дайындалып жатқанда үйдің ішінен күйік иісін сездім. Балалардан және үйдегілерден “Ештеңе жанып жатқан жоқ па, тамақ күйіп кеткен жоқ па?” деп сұрадым. Олар “Жоқ, бәрі дұрыс” деді", – деп жазды спортшы.

Сонымен қатар спортшы бір сәтте гаражды ашса, үйдің жартысы отқа оранып, айнала қап-қара түтін болып кеткенін айтады.

"Біз балаларды тез арада сыртқа шығардық. Олардың ішінде күтушіміз де болды, бәрін далаға алып шықтық. Бір кезде бір баланың жоқ екенін байқадым, ал Алдияр жоқ. Ол екінші қабатта екен. Біз айқайлап, ақыры Алдиярды да сыртқа алып шықтық", – деді спортшы.

Әшкеев өрттен кейін көмек көрсеткен өрт сөндірушілер мен достарына алғыс айтты.

"Құдайға шүкір, бәріміз аманбыз, балалар да сау, біз де жақсы күйдеміз. Бірақ үйдің жартысы жанып кетті. Өрт сөндірушілерге, жедел жәрдем қызметіне көп рахмет. Олар тез келіп, өртті сөндіріп, бәрін ретке келтірді. Бізге алаңдап, хабарласқан достарымызға да алғыс айтамын. Америкадағы достарымыз көмек ұсынып, өз үйлерін ұсынды. Қазір біз уақытша достарымыздың үйінде тұрып жатырмыз", – деді боксшы Мадияр Әшкеев.

Спортшының айтуынша, өрт салдарынан үйдің бір бөлігі қатты зақымданған. Алайда отбасы мүшелерінің ешқайсысы зардап шекпеген.



Еске салайық, бұған дейін Солтүстік Қазақстанда үйінде өртеніп қаза тапқан 5 жасар қыздың анасының үстінен іс қозғалды. 18 қаңтар күні Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданына қарасты Ольшанка ауылындағы үйден өрт шығып, салдарынан үйде анасы қамап кеткен 5 жасар қыз көз жұмғаны туралы жазған едік.

Айым Атамбаева
Сенбі, 07 Наурыз, 2026 13:13