Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық банктерде “исламдық терезелер” ашу ұсынылды: Ол қалай жұмыс істейді

Фото: istockphoto.com

Қазақстандық банктерде “исламдық терезелер” ашу ұсынылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мәжіліс отырысында қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова Қазақстандағы банктерде “исламдық терезелер” ашу жобасы туралы айтты. Агенттік басшысы алдағы жылдары исламдық қаржыландыру дами түсетінін атап өтті.

”Заң жобасында әмбебап банктерге қолда бар лицензиясы шеңберінде исламдық банк операцияларын “исламдық терезелер” арқылы жүзеге асыру құқығын беру көзделеді. Ол үшін Біріккен Араб Әмірліктері, Малайзия, Пәкістан, Бахрейн, Кувейт, Катар және Индонезияда кеңінен қолданылатын “исламдық терезелер” моделін пайдалану ұсынылады”, – деді Мәдина Әбілқасымова.

Агенттік басшысының айтуынша, жаңа заң аясында исламдық қаржының ерекшелігін ескере отырып, исламдық қызметтерді оқшаулау, активтер мен міндеттемелерді бөлек есепке алу және басқару, жеке қызметкерлер бөлу, сондай-ақ шариғатқа сәйкестік жөнінде кеңестер беру қарастырылған. 

Әбілқасымова қазір Қазақстанда исламдық банк қызметін жүзеге асыру үшін жеке ислам банкін құру арқылы ғана мүмкін екенін атап өтті. Қазір Қазақстанда тек екі ислам банкі жұмыс істейді – шетелдік "Абу-Даби коммерциялық банкі" және қазақстандық Заман банкі. Олардың банк жүйесінің активтері мен кредиттік портфеліндегі жиынтық үлесі 0,5%-дан аз. 

"Исламдық терезелер" моделі банктерге жеке банк құрмай, өз ішінде арнайы бөлімшелер құру арқылы   исламдық өнімдерді ұсынуға мүмкіндік береді.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда исламдық ипотека іске қосылатыны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 17 Қыркүйек, 2025 20:32
Талқылау