Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық банктер уақытша үзілістен кейін ипотека беруді қайта бастады

Фото: istockphoto.com

Кейбір қазақстандық банктер уақытша үзілістен кейін ипотекалық несиелер үшін өтініштер қабылдауды қайта бастады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

2025 жылдың 28 қазанынан бастап Halyk Bank ипотекалық бағдарламалар бойынша онлайн және офлайн форматта өтініштерді қабылдауды қайта бастағанын мәлімдеді. Енді клиенттер құрылыс сатысындағы немесе дайын тұрғын үйді және жеке құрылыс үшін жер телімдерін сатып алу үшін өтініш бере алады.

Ал Altyn Bank ипотекалық несие беруді әлі бастаған жоқ.

“Банк өзінің цифрлық ипотекалық платформасын жаңартуда. Жақын арада клиенттер үшін ыңғайлы интерфейс пен жақсартылған шарттармен жаңартылған өнім ұсынылады”, – делінген Altyn Bank хабарламасында. 


Ипотека бойынша сыйақы мөлшерлемесі 2026 жылдың шілдесіне дейін 25% деңгейінде қалады

Қазақстанда қараша айында 7–9% мөлшерлемемен ипотекаға өтінім қабылдау қайта басталады


Freedom Bank негізгі бағыттар бойынша қаржыландыруды тоқтатқан жоқ және бірнеше ипотекалық бағдарламаны жүзеге асыруды жалғастыруда.

Тұтынушыларға “7-20-25” бағдарламасы бойынша ипотека қолжетімді.

“Сонымен қатар дайын тұрғын үйді сатып алу үшін стандартты, каскадты цифрлық ипотека бойынша жүйеде техникалық баптаулар жүргізілуде. Бұл баптаулар аяқталғаннан кейін бағдарламалар жаңартылған сыйақы мөлшерлемелерімен банк сайтында және қосымшасында қолжетімді болады”, – делінген Freedom Bank хабарламасында. 

Ал ForteBank-тің ресми сайтында әлі ипотекалық бағдарламалардың уақытша тоқтатылғаны жазылған.

Банк ЦентрКредит ипотекалық бағдарламалар бойынша өтініш қабылдауды 17 қазаннан бастап қайта бастады, бірақ ипотекалық мөлшерлемелер 0,25–1,5 пайызға көтерілді. Нәтижесінде, қазір банктегі ипотеканың ең жоғары жылдық мөлшерлемесі 22,5%-ға жетті. 

Еске салсақ, бұған дейін Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені көтеруіне байланысты ірі банктер ипотекалық несиеге өтінім қабылдауды және беруді уақытша тоқтатқан еді.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 29 Қазан, 2025 20:15
Талқылау