Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық әйел соқырішегіне ота жасалғаннан соң көз жұмды: Балқашта хирург сотқа тартылды

Фото: Айтбек Ауылбаевтың жеке парақшасынан

Балқашта соқырішегіне ота жасалғаннан кейін көз жұмған Меруерт Ауылбаеваның өліміне қатысты алғашқы сот отырысы өтті. Әйелге ота жасаған хирург сотқа тартылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Марқұмның ағасы Айтбек Ауылбаевтың айтуынша, Меруерттің мерт болғанына бір жарым жыл өткеннен кейін дәрігер оның отбасына алғаш рет көңіл айтты.

"Тыңдау аяқталғаннан кейін бәріміз сыртқа шыққанда, сотталушы кенеттен маған көңіл айтқысы келді. Бұл бір жарым жыл ішінде бірінші рет болды", – деді ол.

Айтбек процессуалдық заңбұзушылықтарға назар аударды. Марқұмның ағасының айтуынша, сотталушының қорғаушысы сот отырысына онлайн режимде қатысып, дәрігердің мүддесін қорғау құқығын растайтын құжаттарды ұсынбаған.

"Адвокат сот отырысына құжаттарды ұсынбай қатысты... Судья іс жүзінде бөгде адамның қатысуына рұқсат берді. Бірнеше рет ескертулерге қарамастан, ешқандай реакция болған жоқ", – деді Ауылбаев.

Сонымен қатар, сөзінше, айыпталушы сот процесін орыс тілінде жүргізу туралы мәлімдемеге өзі қол қойып, тергеудің барлық сатысы орысша өткен. Бірақ сот отырысында кенет қазақ тілінен орыс тіліне аудармашы сұраған екен.

"Айыпталушы кенеттен орыс тілін ұмытып кетті. Ол аурухананың іс қағаздарын өзі жүргізді, тергеу сұрақтарына жауап берді және тергеушілердің әрекетіне шағымданған кезде сот отырыстарына қатысты. Жалпы ол істі орыс тілінде жүргізу керек деген арызға өзі қол қойған", – деді ер адам.

Келесі сот отырысы 15 мамырда өтеді.

Еске салсақ, Балқаш тұрғыны қарындасының өліміне дәрігерлерді кінәлайтынын жаздық. Сөзінше, әйел соқырішек және жедел перитонитпен түссе де, оған 1 апта ота жасамай қойған.

Қырмызы Скендирова
Бейсенбі, 15 Мамыр, 2025 08:18
Талқылау