Қазақстандық әйел өз жерлеуінен бір ай өткеннен кейін үйіне оралды

Жамбыл облысында ерекше оқиға болды: бір әйел қайтыс болды деп танылып, өлім туралы куәлік берілген. Алайда арада бір ай өткен соң ол үйіне қайта оралған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
1953 жылы туған әйел 2024 жылғы тамызда Тараз қаласындағы әпкесінің үйіне көшіп барған. 2025 жылы Құрбан айт мерекесінен кейін әйел жоғалып кеткен. Әйелдің әпкесі полицияға арызданған. 2025 жылғы тамызда ауыл маңындағы алқаптан мәйіт табылып, осыған байланысты қылмыстық іс қозғалған.
Табылған мәйітті жоғалған әйелдің қызы мен ұлы анасының денесі деп танып, өлім туралы акт жазбасы тіркеліп, өлім туралы куәлік берілген.
Алайда бір айдан кейін, 2025 жылғы қыркүйекте, әйел күтпеген жерден Жамбыл ауданы Қостөбе ауылындағы ағасының үйіне келген. Әйелдің қызы құқықтық мәртебесін қалпына келтіру үшін өлім туралы жазбаны жарамсыз деп тануды сұрап, сотқа талап арыз берген.
Әйелдің айтуынша, Құрбан айттан кейін Айша бибі ауылына барып, пияз жинау жұмысына орналасқан әрі үй иесінің үйінде тұрған. Кейін зейнетақы төлемдері тоқтаған соң, Таразға келіп, өзін қайтыс болды деп танығанын білген. Талапкер анасының туыстарына немесе басқа жаққа ұзақ уақытқа кетіп қалатын әдеті болғанын да айтты.
Ал Жамбыл аудандық соты табылған мәйіт өзге адамға тиесілі екенін анықтады. Полиция эксгумация жүргізіп, қайта сот-медициналық және генетикалық сараптама тағайындаған. Сараптама нәтижесінде марқұмның нақты тұлғасы анықталып, өлім фактісі бойынша қылмыстық іс тоқтатылған.
Сот талапкердің арызын қанағаттандырды: өлім туралы куәлік жарамсыз деп танылып, өлім туралы акт жазбасы күшін жойды. Шешім заңды күшіне енді.
Айта кетейік, бұған дейін 103 жастағы әйел өзінің жерлеу рәсімінде “тіріліп кеткені” хабарланған еді.
"Ауызашардамын" деп сурет салуға болмайды: Исламтанушы Рамазан айында неден тыйылу керегін айтты