Қазақстандық әйел ер адамдардың Астана әуежайындағы ана мен бала бөлмесінде намаз оқығанына шағымданды

Қазақстандық әйел Астана әуежайында ер адамдардың ана мен бала бөлмесін намаз оқуға пайдаланып, сол күйі босатпай қойғанын айтып, шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Балалы жолаушының шағымы
Жағдайдың мән-жайын Көркем Байдуашова есімді желі қолданушысы Threads парақшасында баяндады.
“Астана әуежайында біртүрлі жағдай болды. Барлық бақылаудан өтіп, ұшаққа отыруға шамамен бір сағаттай уақыт қалған еді. Қасымда екі айлық балам және екі жастағы қызым болды. Балам жылап, тоқтамаған соң оны шұғыл тамақтандыру керек болды. Сосын ана мен бала бөлмесіне бардым. Қарасам ішінде ер адам намаз оқып отыр екен. Дінге құрметпен қараймын, сол себепті күте тұруды жөн көрдім. Біраз уақыттан соң тағы бір ана баласымен келді. Екеуімз қатар күттік. Алайда артынша тағы бірнеше ер адам келіп, үн-түнсіз сол бөлмеге кіріп, намазын жалғастырды. Бұл кезде небәрі бірнеше метр жерде намаз оқуға арналған бөлек бөлме бар еді. Соның салдарынан біз жылап тұрған баламызбен 10–15 минуттай есік алдында тұрдық”, – дейді әйел.
Әйелдің сөзінше, іштегі ер адамдар намаз оқып болған соң шығып кетпей, сол жерге жайғасып, телефонға телміріп отыра берген.
“Бір қызығы, олар намазын оқып болған соң іштегі диванға жайғасып, телефон шұқылап отыра берді. Ал біз сыртта күтіп тұрдық. Кейін күту залындағы орындықтар босаған соң сонда отырып, баламды тамақтандырдым. Негізі ана мен бала бөлмесі сәбиді тамақтандыруға, жөргегін ауыстырып, тыныштандыруға арналған бөлме ғой. Бұл бөлмені баласы жоқ ересек адамдардың иемденіп алуы сәбилі ата-ананы қолайсыз жағдайға қалдырады”, – деп жазды қазақстандық.
Сондай-ақ ол мұндай сәттерде өзара сыйластық пен түсіністік болғанын қалайтынын жеткізді.
Әуежай тарапы не дейді?
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Астана халықаралық әуежайынан мән-жайды сұрап білді. Ал олар бұл жағдайға қатысты ешқандай шағым түспегенін айтты.
“Астана халықаралық әуежайына ана мен бала бөлмесін ер адамдардың пайдаланғанын растайтын шағым түскен жоқ. Сонымен қатар әуежай әкімшілігі терминалдардағы сервис пен қоғамдық тәртіпке жауапты жұмыскерлерге осындай жағдайларға жедел әрекет ету керегі туралы қосымша нұсқау берді. Ата-ана мен балалар санатына жатпайтын тұлғалар анықталған жағдайда, қызметкерлер тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, аталған бөлмелердің тікелей мақсатына сай босатылуы қамтамасыз етіледі”, – делінген жауапта.
Сондай-ақ әуежай өкілі ғимаратта балалы жолаушыларға арналған 6 ана мен бала бөлмесі жұмыс істейтінін жеткізді. Бұдан бөлек әуежайда намаз оқуға арналған арнайы жабдықталған 6 бөлме бар екен. Мұндай бөлмелерді барлық терминалдан табуға болады дейді әуежай өкілі.
Қазақстандықтардың пікірі:
“Сіздің орныңызда болсам, оларды әлдеқашан қуып жіберер едім. Намаз оқу адамның жақсы екенінің дәлелі емес. Ана мен бала бөлмесі екенін көре тұра, сонда отыра берулері өзгелерге жасаған құрметсіздік”.
Скрин: Threads
“2024 жылы дәл осындай жағдайға тап болдым. Қолымда үш айлық, жылап жатқан сәби. Бөлмеге кірсем, бір бұрышта ер адам жайнамазын төсеп жатыр. Ал ішінде бір өзбек әйел ұйықтап жатыр екен. Әлгі әйел орнынан атып тұрып, мені есік жаққа қарай итеріп, ер адам намаз оқиды деп қуып жіберуге тырысты. Мен де қарап тұрмай айғайға кірістім. Сөйтіп, әлгі ер адам жиналып, шығып кетті. Бірақ мен баламды тамақтандырып, жуындырып отырғанда, әлгі әйел аузына келгенін айтты”.
“Менің басымнан да осындай жағдай өтті. Mega сауда орталығында емізулі баламмен ана мен бала бөлмесіне кірсем, бір қыз намаз оқып отыр екен. Мазаламау үшін сыртқа шығып, біраз күттім. Бірақ ол ұзақ уақыт босатпай қойды. Бала жылай бастады. Қайта есікті ашсам, әлгі қыз асықпай айнаға қарап, боянып отыр екен”.
“Бұл эмоциялық интеллекті, эмпатия жоқ екенінің дәлелі. Мұнда діннің қатысы жоқ. Кей адамдар өз қажетін ғана ойлап, өзгелерді ұмытып кетеді. Ал қалыпты, тәрбиелі ер адам (нағыз мұсылман) жылап тұрған бала мен ананы күттірмеу үшін намазын кейінге қалдырар еді”.
Скрин: Threads
“Мен өзім де емізулі баласы бар анамын және намаз оқимын. Сондықтан мұндай жағдайда оларды шығарып жіберуге толық құқым бар. Келесіде сіз де солай жасаңыз. Нағыз мұсылмандар ана мен баланы олай күттіріп қоймайды. Ер адамдар бұл әрекеттері үшін ұялуы керек. Өйткені ер адам намазды кез келген жерде оқи алады, ал ана мен бала бөлмесі әйелдер мен сәбилерге арналған арнайы орын”.
Скрин: Threads
“Мұндай жағдай бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатқан сияқты. Мен де 2024 жылдың басында осындай жағдайға тап болдым. Екі кішкентай баламмен жолға ыққан едім. Сол кезде ана мен бала бөлмесіне кіріп кішкентайының киімін ауыстырғым келді. Бірақ бөлмеде екі орта жастағы ер адам намаз оқып отыр екен. Сыртта біраз күттік, бірақ олар шықпады. Қайта кірсем, екеуі диванда жайғасып, демалып отыр екен. Тіпті қымсынбастан “кіре беріңіз, ұялмаңыз” дейді. Таңғалдым”.