Ресейлік "Лукойл" америкалық Carlyle компаниясымен келісім жасасты: Қазақстандық активтері мәмілеге кірмей қалған

Ресейдің ірі мұнай компаниясы "Лукойл" өзінің халықаралық активтерін АҚШ-тың Carlyle Group инвестициялық компаниясына сату туралы келісімшарт жасасты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Компания ресми мәлімдемесінде Лукойлдің шетелдік активтерін басқаратын еншілес кәсіпорны Lukoil International GmbH Carlyle-ге сатылатынын хабарлады. Дегенмен, Қазақстандағы жобалар мен меншікті нысандар бұл келісімге кірмейді, олар тиісті лицензиялар аясында жұмысын жалғастыра бермек.
"Лукойл" компанияның басқа да әлеуетті сатып алушылармен келіссөздерді жалғастырып жатқанын атап өтті.
Айта кетейік, Қазақстан да АҚШ Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасына (OFAC) "Лукойлдың" Қазақстандағы үлестерін сатып алу мүмкіндігіне қатысты сұрау жолдады. Бұл туралы энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.
Қазақстанда "Лукойл" Алматы облысындағы майлау материалдарын өндіретін "Лукойл Лубрикантс Центральная Азия" ЖШС-нің 100%-на иелік етеді, сондай-ақ "Теңізшевройл" жобасының 5% үлесіне және "Қарашығанақ Petroleum Operating" компаниясының 13,5% үлесіне ие. Бұдан бөлек, 2023 жылы "ҚазМұнайГаз" бен "Лукойл" Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде "Қаламқас-теңіз", "Хазар" және "Әуезов" жер қойнауы учаскелерін игеру жобалары бойынша келісімдер жасады. Аталған жобада ресейлік компанияның үлесі 50%.
Еске салсақ, бұған дейін ресейлік "Лукойл" Қазақстандағы активтерін сатуға дайындалып жатқанын хабарлаған еді.
Өмірі ауруханаға бармаған 100 жастағы ата ұзақ өмір сүрудің құпиясын айтты