Қазақстандық актер Лос-Анджелесте "Үздік ер адам рөлі" номинациясын жеңіп алды
Қазақстандық актер Төлепберген Байсақалов Лос-Анджелесте өткен Asian World film festival кинофестивалінде "Үздік ер адам рөлі" номинациясын жеңіп алды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Prnewswire.com сайтына сілтеме жасап.
Марапат отандық "Огонь" ("От") фильміндегі жұмысы үшін табысталды. Режиссері Айжан Қасымбек. Фильмде Қазақстандағы қазіргі жағдайды қарапайым адамның өмірі арқылы баяндайды. Төлепберген Байсақалов рөлін сомдаған басты кейіпкер Толик – үлкен қалада өмір сүретін отбасының асыраушысы. Ол қала өміріне үйреніп, отбасын асырауды ойлайды, курьер болып жұмыс істейді. Көптеген адам секілді ол да отбасын асырай алмай, қарызға батады, кредит алады. Бірақ өзінің қызына үлкен үміт артады. Бір күні жұмыстан келген кезде қызы Сәуленің жүкті екенін біледі. Осы жаңалық қыздың болашағына қатысты жоспардың күл-талқанын шығарады.
Asian World film festival – дүниежүзілік Азия кинофестивалі биыл жетінші рет өтіп жатыр. Оған азиялық режиссерлердің жұмысы қатысады. Бұл байқауға 20-дан астам елден 30 жұмыс қатысты.
"Огонь" фильмінің әлемдік премьерасы Пусанда (Оңтүстік Корея) халықаралық фестивальде өтті. Өткен аптада актер Төлепберген Байсақалов Сочи кинофестивалінде үздік ер рөлі үшін марапатталды.