АҚШ-тан iPhone-ға тапсырыс берген қазақстандықтың қорабы бос келген

Қазақстандық азамат Globbing Kazakhstan жеткізу қызметі арқылы АҚШ-тан тапсырыс берген iPhone-ының қорабы бос келгенін айтып, шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Аталған жәйтті желі қолданушысы Threads парақшасында жазды. Оның айтуынша, тауар 13 қаңтар күні әуелі Globbing Kazakhstan қызметінің АҚШ-тағы қоймасына жеткізілген. Сосын ондағы қызметкерлер тапсырыс берушіге қорабының бос келгенін айтқан. Онымен қоймай, қораптың бос келгеніне жауап бермейтінін жеткізген.
“iPhone-ды Globbing Kazakhstan-ның АҚШ-тағы қоймасына тапсырыс берген едік. Сәлемдеме қоймаға жеткен. Алайда өзіміз сұрамағанша, компания өкілдері оның бос келгенін, ішінде телефон жоқ екенін айтпады. Бір аптадан астам уақыт бойы сәлемдемені қабылдау сәтіндегі видеоны сұрап келеміз. Бүгін 22 қаңтар, әлі жауап жоқ”, – деп жазды қазақстандық.
Фото: Threads
Оның сөзінше, Globbing Kazakhstan жеткізу қызметі тарапынан бірде-бір жауап жоқ.
“Қоңырауымызға жауап бермейді, WhatsApp-та өте кеш жауап береді. Қораптың бос келгенін өзіміз сұрағаннан кейін ғана білдік. Apple компаниясы мен курьерлік қызмет ақшаны қайтарудан бас тартты. Себебі сәлемдемені делдал компания Globbing қабылдап алған. Ал Globbing болса “біз ештеңеге жауап бермейміз” деп айтты. Меніңше бұл алаяқтық схема секілді: қымбат зат үшін олардың қоймасына тапсырыс бересің → қорапты біреу ашады → кейін “бос келді” деп айта салады → нәтижесінде ешқандай өтемақы да, көмек те бермейді, жауапкершілік те арқаламайды”, – деп жазды желі қолданушысы.
Globbing Kazakhstan бұл жағдайға қатысты пікір білдірді. Компания өкілдерінің айтуынша, сәлемдеме АҚШ-тағы қоймаға келген кезде ішінде тауары болмаған.
“Тауарды қабылдау кезінде мұқият тексерілді. Бұл жайтты растайтын бейнебақылау камерасындағы жазбаларды ұсынуға дайынбыз. Компания даулы жағдайларда клиенттерді қолдаусыз қалдырмайды. Қазір мамандарымыз Apple компаниясымен тікелей келіссөз жүргізіп жатыр. Клиентпен байланыс орнатып, жауап беру мерзімі талқыланды. Мәселені мүмкіндігінше тезірек шешу үшін жұмыс істеп жатырмыз”, – деп жауап берді компания өкілдері.
“Globbing Kazakhstan қызметін енді пайдаланбаспын”
Басқа да желі қолданушылары осындай жағдайға тап болғанын айтып, Globbing Kazakhstan жеткізу қызметін сынға алды.
“Менде де Globbing Kazakhstan-мен арада екі рет осындай жағдай болды. Тауарға тапсырыс бердім. Дүкен жеткіздік дейді, ал Globbing жеткізілмеді деп отыр. Бірақ бейнебақылау жазбаларын көрсетпейді, тек тауар жеткізілмегені туралы жазылған хатты жібереді. Екі аптадан бері “тексеру жүріп жатыр” дегеннен ары аспайды. Қызмет сапасы қатты төмендеп кеткен".
Фото: Threads скрин
“@globbingkazakhstan қызметімен арада менде де өте ұқсас жағдай болды. Қараша айында 3 тауарға тапсырыс берген едім. Үшеуі де бөлек сәлемдеме болды. Екі қорап интернет-дүкеннің фирмалық қағазымен бүтін күйде келді. Ал үшінші сәлемдеменің қорабы ашылған, жыртылған болып шықты. Тапсырысты 11 желтоқсанда алып, сол күні-ақ WhatsApp арқылы Globbing Kazakhstan-ға хабарластым. Ұзақ уақыт бойы “қарастырылып жатыр” деп жауап беріп жүрді. Нақты жауап тек қаңтар айында берілді, яғни өтініш бір айдан астам қаралған. Оның үстіне дәл сол үшінші, қайта оралған сәлемдемеде бір тауар жоқ болып шықты. Globbing Kazakhstan сәлемдеме қоймаға дәл осындай күйде келді деп жауап берді. Тауар қымбат еді, оның қай кезде жоғалғаны белгісіз күйде қалды. Осы жағдайдан кейін Globbing Kazakhstan қызметінен бас тарттым және енді бұл сервисті пайдаланбаймын”.
“Сайтта тапсырыс рәсімдеген кезде оферта талаптарымен келісесіз. Ол жерде компанияның қоймаға жеткізіліп, қабылданған сәлемдемелер үшін ғана жауапты екені көрсетілген. Демек, сәлемдемесі қоймаға жетпеген адамдар, өкінішке қарай, заң жүзінде талап қоя алмайды. Сіздің жағдайыңызда компания тарапынан ресми жауап пен дәлелдерді (бейнежазбалар, растау құжаттары) күту ғана қалды”.
Фото: Threads скрин
“Өткен жылы Globbing арқылы Apple Watch Ultra 2 сағатына тапсырыс берген едім. Ол жолда ұрланып, сол күйі жоғалып кетті. Сондықтан абай болыңыздар! Globbing ештеңені қалпына келтірмеді. Олармен ұзақ уақыт дауластым, электрондық пошта арқылы хат жаздым, бірақ нәтиже болмады”.
Жаңа Конституция мен ескі Конституциядағы басты айырмашылықтар: Талдап көрейік