Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақстанды ұятқа қалдырасыз": "Болашақ" бағдарламасына тапсырған қазақстандық орыс тілінде акцентпен сөйлегені үшін іріктеуден өтпей қалған

Отандасымыз Жасұлан Темірбаев “Болашақ” бағдарламасына тапсырмақ болды. Алайда сұхбат барысында комиссия мүшелерінің бірі оның орыс тілінде акцентпен сөйлегенін желеу етіп, іріктеу кезеңінен өткізбей қоған. Спорт медицинасын оқып жүрген қазақстандықтың басынан өткен бұл жағдай желіде қызу талқыға түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин

Жасұлан Темрібаев желідегі парақшасында әріптестеріне, спортшыларға және “Болашақ” бағдарламасымен оқуға түскісі келетін болашақ үміткерлерге арнап видео жариялады. Видеода ол өзінің спорт дәрігері екенін және білімін жетілдіру мақсатында “Болашақ” бағдарламасымен шетелде оқып келу үшін құжат тапсырғанын айтады. 

“Бірақ бұл жылы түсе алмадым. “Болашақә бағдарламасының үшінші кезеңі – сұхбаттасу. Яғни, “Zoom” арқылы комиссия мүшелерімен онлайн сұхбаттасасыз. Біз негізінен орыс тілінде сұхбаттастық. Қазақша сұраққа қазақ тілінде, орысша қойылған сұраққа орыс тілінде жауап бересіз. “Неге Американың таңдадыңыз?”, Неге Америкада білім алғыңыз келеді?” деген сұрақтар қойылды. Мен қойылған сұрақтарға нақты әрі анық жауап бердім деп санаймын. Комиссия мүшелерінің бірі менен “Ағылшын деңгейіңіз қандай?” деп сұрады. Мен “preintermidiet” деп жауап бердім. Сонда ол “Білмеймін, сіз тіпті орыс тілінде акцентпен сөйлейсіз. Сіз Қазақстанды ұятқа қалдырасыз” деді. Таңғалып қалдым”, – дейді Жасұлан Темірбаев.

Бірақ ол орыс тілінің туған тілі емес екенін, десе де бұл тілді академиялық деңгейде білетінін айтып, жауап берген. Осылайша іріктеуден өтпей қалған. 

Сондай-ақ Жасұлан Темірбаев комиссия мүшелерінің талапқа сай құралмағанын атап өтті. Яғни, отырғандардың өзі спорт медицинасынан хабары жоқ дейді. 

Ал еліміздің ғылым және білім министрі Саясат Нұрбек отандасымыздың бұл сөздерін жоққа шығарды. 

“Бізде конкурстық процедуралар екі сатымен өтеді. Бірінші сатыда тест тапсырады. Екінші сатыда тәуелсіз сарапшылар комиссиясымен сұхбат жүргізіледі. Бірнеше жылдан бері бүкіл сұхбаттар видеоға жазылады. Біз осы мәселені бірден қолға алдық. Видеоны қарағанда ондай сұрақтар қойылған жоқ. Бүгін видео жарияланады. Неліктен бірден жарияламадық? Сарапшылардан біз ресми түрде рұқсат алуымыз керек еді. Себебі олардың да құқығы ескерілуі керек. Жаңа жыл мейрамы болған соң олар енді шығып, құжаттарын алып, жариялаймыз. Өкінішке қарай, біздің қоғамда хайп көп. Мейлінше, комиссия, конкурстық процедуралар басқа жерде де біз максималды түрде цифрлық форматқа және видеожазба ретінде жүргізіп жатырмыз. Ғылым саласында да видеотіркеуге жатады”, – дейді министр.

Осы тұста министрдің мәлімдемесіне қатысты пікір білдірген Жасұлан Темірбаев Stan.kz тілшісіне мұнда ешқандай хайп жоқ екенін айтады.

“Болашақ” бағдарламасына қарсы ешқандай шағымым жоқ. Орыс тілінде сөйлеу деңгейім төмен деп айта алмаймын. Видеоны комиссия мүшесінің сол бір сөзі үшін түсірдім. Видеоны жариялаймыз деп жатыр екен, күтейік. Бастысы, керек жерлерін қиып тасмаса болғаны. Министр “хайп” деп жатыр екен. Меніңше, бұл өте қызық сын болды. Министр бұлай жауап бермеу керек секілді. Мен – болашақ түлекпін, үміткермін. Менің жағымда болып, керісінше, “қараймыз, зерттейміз, білім деңгейі сәйкес келмеген болар. Білімін жетілдіріп, келесі жолы қайта тапсырып көруін сұраймыз” деп екі жақты да тең ұстауына болар еді. “Хайп” деп жерден алып, жерге салды. Мұндай ешқандай хайп жоқ”, – дейді отандасымыз. 

 

Талқылау