Қазақстандағы қыз алып қашу: сізді ойландырып тастайтын үш оқиға
Солтүстік Қазақстан облысында Мерген ауылындағы отбасы алып қашу арқылы келін түсірген. Олардың айтуынша, бұл екі жақтьң келісімі арқылы жүзеге асқан. Самат пен Раушан 24 жылдан бері ерлі-зайыпты болып келеді. Самат жас кезінде үйленгісі келген, бірақ той жасауға ақшасы болмапты.
Бұл туралы “Хабар” хабарлайды.
Қазір бұл отбасының жағдайлары жақсы. Қаржыдан да қиындық көріп отырған жоқ.
Бауыржан Симанбаев та он жыл бұрын келіншегімен алып қашып келген. Динара ол кезде аудан орталығында тұрыпты. Оған үнемі кездесуге бару үлкен қиындық тудырған. Сосын Бауыржан көп уақыт жоғалтпастан, қызды әуелі туыстарымен салыстырып, көп ұзамай алып қашқан.
“Қызыммен және оның анасымен де келістім. Анасына айттым, “қызыңызды алып барамын” деп. Ол кісі де келісімін берді”, – дейді Бауыржан Симанбаев.
Қазір ерлі-зайыптылар үш бала тәрбиелеп отыр.
“Бір-бірімізді жақсы түсінісеміз. Алып қашып үйленгенімізге еш өкінбейміз. Қазір балаларымызға тәрбие беріп, жақсы отбасы қалыптастырып жатырмыз”, – дейді Динара Симанбаева.
Бауыржанның бес ағасы да әйелдерін алып қашып үйленіпті. Үлкен ағасы Дәулеттің келіншегі Гүлбақыт та бірнеше жыл бұрынғы оқиғаны есіне алды.
“Биыл біздің үйленгенімізге 20 жыл болады. Үш баламыз бар. Үлкен ұлымыз қалада, студент. Екінші ұлымыз 10-сыныпта оқиды. Қызымыз Анеля 3-тен 4-ке көшті. Өзіміз жеке шаруашылықпен айналысамыз”, – дейді Гүлбақыт Симанбаева.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, мұндағылардың басым бөлігі алып қашу арқылы шаңырақ көтерген. Бірақ, бұрын бұл әдіс қиын материалдық жағдай барысында жиі қолданылған. Ал қазір жағдай түзелді, елдің экономикалық жағдайы да жақсарған. Сол себепті алып қашу үрдісінен біртіндеп бас тарта бастапты. Қазір керісінше адамдар қыздарының қашып кеткенін қаламайды.
Арайлым Мақсатқызының айтуынша, оны алты жыл бұрын танымайтын жгіт алып қашып кетіпті.
“Мен өзімнің болашақ күйеуімді мүлде білген жоқпын. Әжем егер кері қайтсам, оның ұят екенін айтты. Бірге өмір сүріп кететін шығармыз деп ойладым”, – дейді Арайлым.
Алайда бір отбасы болып үйлесіп кете алмаған. Кезекті ұрыс кезінде күйеуі өз еркімен емес, ата-анасының қысымымен үйленгенін айтып салыпты. Бір жылдан соң Арайлым сәбиін босанады. Бірақ, баланың өмірге келуі де отбасын сақтап қалмайды.
“Мінездеріміз әртүрлі, түсініспедік. Мақсаттарымыз да әртүрлі. Ақыры күйеуім басқа қызға үйленді. Енді жалғыз өзім ұлымды тәрбиелеп жатырмын”, – дейді ол.
Ол танымайтын біреу алып қашқан кезде, оның туыстарының айтқанына көніп қалмаңдар деп қыздарға өз кеңесін ұсынады. Осы ретте арнайы қыз алып қашу операциясын да ұйымдастырып көрдік. Бірақ, көшедегі адамдар бұған аса таңырқамады, тіпті көмектесуге ұмтылғандар да аз болды. Олар үшін бұл қалыпты жағдай секілді. Тек бір ер адам ғана қызды алып қашқан кезде алаңдап, оны құтқаруға тырысты. Ал мұндай кездерде қыз өзін қалай ұстауы керек?
“Әрине бірінші кезекте өзін сабырға шақыруы керек. Күйеудің туыстары бәрібір үгіттейді. Ал қыз өзінің ата-анасын немесе туыстарын күтіп, мұнда әйел болмайтынын соларға айтуы тиіс. Ал шын мәнінде қызды ұрлау бұл қылмыстық кодекс бойынша жазалануға лайықты әрекет болып саналады”, – дейді психолог Қайыржан Сапа.
Рамазан айы аяқталып, енді елімізде той науқаны басталады. Көшелер мен мейрамханаларда үйленген жастардың салтанатты шаралары болып жатыр. Олардың барлығы да екі тараптың сәтті келісімі бойынша болсын деп тілек білдіреміз.
Оқи отырыңыз:
Астаналық оқушылардың жаңа мектеп формасы таныстырылды (фото)
Алматылық тұрғын өзін қаққан көліктің жүргізушісіне іздеу салады
Түрік жігіті үшін төбелескен қыздар жұрттың ашуын келтірді (видео)
Өлі күйінде табылған 10 жасар Ришат Харикоглуға қатысты жаңа дерек пайда болды