Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан банктері қандай премиум карталар ұсынады және олар қандай артықшылықтар береді

Фото: Stan.kz

Кейінгі жылдары банктер премиум сегментті белсенді дамытып, кешбэк, бизнес-залдарға қолжетімділік, сақтандыру және консьерж қызметі бар жаңа өнімдерді көбейтті. Алайда мұндай карталардың нақты құны, тегін болуының талаптары мен шынайы пайдасы әр банкте айтарлықтай өзгеше. Осы материалда Қазақстандағы ірі банктердің премиум карталарын қарап, олардың бағасы, шарттары және негізгі артықшылықтарын салыстырдық.

Halykbank

Halykbank-інде премиалды карталар қызмет көрсетуіне қарай Premium (Visa Signature, UnionPay Diamond), VIP (Mastercard World Elite, UnionPay Asia Prestige Diamond) және  Super VIP (Visa Infinite Ultra, Mastercard World Elite Imperial) болып бөлінеді. Super VIP картасынан басқасының бәрі тегін шығарылады. Алайда #Visa Signature депозитінде 10 миллион теңге тұрса тегін, болмаса айына 1000 теңге төлейді. Сонымен қатар карта иесіне "Halyk" сақтандыруынан 50 000 еуроға (шамамен 29 миллион теңге) дейін сақтандыру сертификаты беріледі. Кейбір саяхат сервистерін тегін пайдалану карта бойынша сатып алу көлеміне байланысты болуы мүмкін.

Бұл карта мен #Union Pay Diamond картасында да әр сатып алған тауар үшін 1% кэшбек беріліп, 20 мың теңгеге дейін лимит қойылады.  Ал #Mastercard World Elite арқылы жасалған сатып алуларға 3% бонус беріледі және ай сайынғы лимиті 60 000 теңгеге дейін болады. Дегенмен жылдық қызмет көрсетуі депозит шарттарына байланысты. Клиенттің депозиттеріндегі орташа айлық қалдық 80 миллион теңгеден асса, тегін, ал шарт орындалмаса айына 5 000 теңге алынады.

Осы ретте #Mastercard World Elite VIP картасы арқылы Halyk платформасы ішіндегі сатып алсаң 3% бонус береді (айына 60 000 теңгеге дейін), сақтандыруы 1,5 миллион еуроға дейін жетеді. Әуежайлардың VIP-залдарына кіру, шетелде 1000 долларға дейін комиссиясыз қолма-қол алу және бір картада 5 валютаны пайдалану мүмкіндігін ұсынады. Дәл осы картаны шығару 2025 жылғы 20 қазаннан бастап тоқтатылған. Карта мерзімі аяқталса, жоғалса немесе қайта шығару қажет болса, жақын жердегі банк бөлімшесіне жүгіну керек.

Сонымен қатар #Visa Infinite Ultra және #Mastercard World Elite Imperial картасын бастапқыда шығарсаң, 30 мың теңге тұрады. Бұларға да Mastercard World Elite секілді жылдық қызмет көрсету талабы қойылған.

Халық банк карталарыФото: Stan.kz

ЦентрКредит Банкі

ЦентрКредит Банкі (bcc.kz) премиум сегментте клиенттің өмір салтына қарай бірнеше карта ұсынады. Олар IronCard, TravelCard, BlackEdition және DragonCard. Табыс деңгейінен гөрі қолдану аясына қарай VIP сервис, саяхат, күнделікті шығын немесе халықаралық есеп айырысуға қарай сараланған.

Мәселен, #IronCard картасына қызмет көрсету тегін, бірақ бір шарты бар. Егер клиент ай сайын карта арқылы кемінде 1 млн теңге жұмсаса, шоттағы қалдығы 15 миллион теңгеден төмен болмаса, дәл осындай сомада депозиті болса немесе bcc Invest-тегі инвестициялық пай қорларында 50 000 доллар (немесе баламасы) және одан жоғары қаражаты болса, картаға қызмет көрсету ақысыз болады. Ал бұл талаптардың ешқайсысы орындалмаса, ай сайын 10 000 теңге төлеуге тура келеді.

Ал #TravelCard-ты онлайн шығарсаңыз 5 мың, ал карточканың өзін қолға алсаңыз 10 мың теңге болады. Егер картаны қайта шығарғыңыз келсе, тегін. Карта әуе билеттеріне, қонақүйде тұруға және автокөлік жалдауға 7%-ке дейін кешбэк ұсынып, саяхатты тиімдірек етеді. Қызмет тегін болуы үшін 500 мың теңге айналым немесе 3 миллион теңге қалдық жеткілікті IronCard-пен салыстырғанда талаптары әлдеқайда жұмсақ.

#Mastercard World Black Edition-да саяхатқа қажет базалық премиум мүмкіндіктер TravelCard-тегідей мұнда да сақталған. Кешбэк лимиті айына 60 000 теңге. Әлемнің қай түкпірінде болсаңыз да, банкомат арқылы қолма-қол ақшаны айына 1,5 миллион теңгеге дейін тегін шешіп ала аласыз. 

Бұдан бөлек, #DragonCard премиум картасын басқаларға қарағанда оны шығару қымбатырақ. Онлайн картаға 15 мың теңге төлесеңіз, ал картаны қолға алсаңыз 30 мың теңге бересіз. Егер Қытайда немесе сол елде отырып сауда жасасаңыз, юаньмен жасалған төлемге қосымша 5% кешбэк береді. Мұндай бағытталған валюта-бонус басқа карталарда жоқ. Айта кеткен жөн, басқалардан гөрі bcc.kz платформасы арқылы картаға ақша аударуға төлем алынбайды.

Фото: Stan.kz

ForteBank

ForteBank премиум сегментте екі негізгі өнім ұсынады #Visa Signature және #MC Black Edition. Екеуі де жеке сервиске, саяхаттағы жайлылыққа және санаттық бонус жүйесіне негізделген классикалық премиум карталар. Алайда олардың саяхат сервистері мен артықшылықтарының бағыты сәл өзгеше.

#Visa Signature көбірек толық сервистік пакетке бағытталған. Карта иесіне жеке менеджер, тәулік бойы консьерж, заңгер кеңесі, DragonPass арқылы әлем әуежайларының бизнес-залдары, Қазақстандағы VIP және CIP залдары, Fast Track, Астана мен Алматыда багаж буып-түю қызметі және 750 мың долларға дейінгі кеңейтілген саяхат сақтандыруы беріледі. Бұл карта сапар кезінде барынша жайлылық пен қосымша сервисті қалайтын клиентке лайық.

#MC Black Edition функционал жағынан ұқсас болғанымен, саяхат инфрақұрылымы сәл ықшам. Мұнда да жеке менеджер, консьерж және заңгер кеңесі бар, яғни негізгі VIP-қызметтер Visa Signature-дегідей мұнда да қарастырылған. Алайда бизнес-залдарға кіру Lounge Key жүйесі арқылы жылына 10 ретпен шектеледі, VIP-залдар мен багаж буып-түю сияқты қосымша сервистер толық көлемде ұсынылмайды. Оның орнына карта Flexiroam роумингі арқылы шетелде интернет сияқты практикалық артықшылық береді. Сақтандыру көлемі де төменірек 500 мың долларға дейін.

Қаржылық шарттары екі картада іс жүзінде бірдей:

  • қызмет көрсету айына 10 000 теңге,
  • тегін болуы үшін 4 млн теңге депозит, 500 мың теңге айлық шығын немесе 1 млн теңге жалақы түсімі жеткілікті бұл талаптар екі картада да бірдей;
  • екеуі де көпвалюталы (KZT, USD, EUR, GBP);
  • қолма-қол шешу айына 1 млн теңгеге дейін комиссиясыз мұнда да айырмашылық жоқ;
  • Forte ішінде аударым тегін, басқа банктерге 3 млн теңгеге дейін комиссиясыз шарттары бірдей;
  • шетелге аударым шамамен 1% комиссиямен екеуінде де солай.

Бонус жүйесі де ортақ модельге құрылған:

  • клиент ай сайын кешбэк санаттарын өзі таңдайды екі картада да бар;
  • бонус мөлшері 20%-ға дейін;
  • Solo сегментінде айлық лимит 100 мың теңгеге дейін мұнда да айырмашылық жоқ.

Фото: Stan.kz

Freedom Bank

Банкте премиум қызмет көрсету мен депозит мүмкіндігін бір картада біріктіретін өнім бар, ол #Premium Deposit Card. Карта арқылы айына 5 миллион теңгеге дейін қолма-қол ақша шешу және аударымдарды комиссиясыз жасауға болады.

Карта екі түрге бөлінеді:

  • Mastercard World Elite
  • Visa Infinite.

Екі картада да жылдық қызмет көрсету құны 60 мың теңге болады және төлем карта шығарылған кезде бірден ұсталады. Егер клиент картаны банктің бөлімшесінде ашып, тарифтерде көрсетілген талаптарға сәйкес келсе, жылдық қызмет көрсету тегін болады. Акциялық тариф бойынша екі картада да айына 2,5 миллион теңгеге дейін қолма-қол ақшаны комиссиясыз шешуге мүмкіндік бар. Осы сомадан асқан жағдайда, Қазақстан аумағында 1%, ал шетелде 1,5% комиссия алынады. Сондай-ақ екі картада да басқа банктерге аударымдар айына 2,5 миллион теңгеге дейін комиссиясыз жүргізіледі, ал одан жоғары сомаға 1% комиссия ұсталады. Mastercard World Elite және Visa Infinite карталарында адалдық бағдарламасы аясында 30%-ға дейін кешбэк қарастырылған. Карталардың қолданылу мерзімі 5 жылға дейін белгіленген.

Одан кейін Araldy Saqta картасы да қызметіне қарай Araldy Saqta және Araldy Saqta Premium болып екіге бөлінеді. Мәселен, Araldy Saqta жылдық қызмет көрсетуіне және шығаруына ешнәрсе алмайды. Одан бөлек, мұнда басқаларға аударым жасау және ел төңірегінде шешіп алу 1 миллион теңгеге дейін шектеу қойылған. Ал Araldy Saqta Premium-ға ай сайын 5 мың теңге төлеп отыру қажет. Қуантарлығы, картаны шығару тегін. Дегенмен мұнда 1,5 миллион теңгеге дейін ақша шешіп алуға рұқсат берілген.

Ал Prestige инвестор картасы да Mastercard World Elite және Visa Infinite болып бөлінеді. Екі картаны бастапқыда аштырғанда ешнәрсе төлемейсіз, алайда жоғалтып немесе ұрлатып алсаңыз, үстіне қосымша 25 мың теңге төлеуіңізге тура келеді. 

Фото: Stan.kz

Еуразиялық банк

Еуразиялық банк премиум карталардың кең таңдауын ұсынып, жоғары кешбэкке ерекше мән береді. Клиенттерге Mastercard (World Elite, World Black Edition) және Visa (Infinite, Signature) карталары қолжетімді. Карталар теңге, АҚШ доллары және еуро валюталарында шығарылады, әрі шығарылымы тегін.

Ай сайынғы қызмет көрсету құны 2 000-4 000 теңге. Алайда шотта 5 млн теңгеден бастап депозит болса немесе карта арқылы ай сайын 150 000-300 000 теңге көлемінде сатып алу жасалса (карта деңгейіне қарай), бұл төлем алынбайды.

Қазақстан аумағындағы банкоматтардан қолма-қол ақша алу айына 1-1,5 млн теңге шегінде тегін. Белгіленген лимиттен асқан жағдайда комиссия операция сомасының 0,95%-ы, бірақ кемінде 200 теңге.

Банк ішіндегі және Қазақстан банктеріне аударымдар айына 150 000 теңгеге дейін тегін. Осы сомадан асса, 0,95% комиссия ұсталады. Ал басшыларға арналған жалақы карталары бойынша жеңілдік кеңейтілге айына 1,5 млн теңгеге дейін тегін аударым жасауға болады. Кешбэк пен бонустар жиынтығы 35%-ға дейін жетуі мүмкін. Оның құрамына интернет-сатып алулар мен смартфон арқылы төлемдерге 1-3% базалық кешбэк, "таңдаулы санат" бойынша (көбіне ойын-сауық) 30%-ға дейін бонус, сондай-ақ travel-шығындар мен сақтандыруға қосымша ұпайлар кіреді.

Ай сайын есептелетін бонус лимиті: World Elite және Visa Signature үшін 70 000 бонусқа дейін, World Black Edition мен Visa Infinite үшін 50 000 бонусқа дейін.

Фото: Stan.kz

Home Credit Bank

Home Credit Bank-тің Visa Infinite Tau премиум картасы тек VIP мәртебесі бар клиенттерге ұсынылады. Мұндай мәртебе алу үшін депозиттер, депозиттік сертификаттар немесе облигациялар көлемі кемінде 15 миллион теңге болуға тиіс. VIP клиенттер үшін картаны шығару да, қызмет көрсету де тегін.

Қолма-қол ақша айына 3 млн теңгеге дейін комиссиясыз шешіледі. Лимиттен асқан жағдайда комиссия 2%, бірақ кемінде 100 теңге. Аударымдар стандартты шектер аясында айына 4 млн теңгеге дейін тегін.

Карта барлық сатып алуға тұрақты 5% кешбэк ұсынады (VIP мәртебесі сақталған жағдайда). Ай сайынғы бонус лимиті 100 000-ға дейін. Дегенмен, бонус дұрыс есептелуі сауда нүктесінің MCC-кодына тәуелді екенін банк ескертеді.

Фото: Stan.kz

Bank RBK

Bank RBK премиум сегментте Visa Platinum, Signature және Infinite карталарын ұсынады. Банк негізгі басымдығын travel-артықшылықтар мен сақтандыру қызметтеріне береді.

Карталарды қызмет көрсету құны айына 1 500-10 000 теңге аралығында, әрі көбіне 5-20 миллион теңге көлеміндегі депозит талап етіледі. Карталар бойынша қолма-қол ақша шешудің тегін лимиті айына 5 млн теңгеге дейін. Сондай-ақ DragonPass бағдарламасы арқылы бизнес-залдарға кіру мүмкіндігі бар. Visa Infinite иелері үшін саяхат сақтандыруы 2,5 миллион АҚШ долларына дейінгі қамтуды көздейді.

Фото: Stan.kz

Bereke Bank

Bereke Bank Mastercard World Elite желісін дамытып, кешбэк пен travel-артықшылықтарға басымдық береді. Bereke Premium Light картасы барлық сатып алуға 5% кешбэк, ал арнайы санаттарда 30%-ға дейін бонус ұсынады. Ай сайынғы лимит 100 000 теңгеге дейін.

Ал Bereke Premium нұсқасы ірі қалдығы бар клиенттерге арналған: айына 200 000 теңгеге дейін бонус алуға, бизнес-залдарды пайдалануға және қосымша travel-сервистерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Фото: Stan.kz

Altyn Bank

Altyn Bank премиум карталардың базалық желісін ұсынады. Онда Mastercard World, World Elite және Visa Platinum. Карталар теңге, доллар және еуро валюталарында тегін шығарылады. Қызмет көрсету ақылы: Visa Platinum айына 500 теңгеден, Mastercard World Elite 5 000 теңгеге дейін. Тегін қызмет көрсету шарттары қарастырылмаған.

Қолма-қол ақша шешудің тегін лимиті шектеулі: World және Visa Platinum үшін айына 700 000 теңгеге дейін, World Elite үшін — 1 млн теңгеге дейін.

Кешбэк мөлшері төмен: World және World Elite бойынша 1%, Visa Platinum бойынша 0,3%. Ай сайынғы бонус лимиті — 10 000 теңгеге дейін.

Фото: Stan.kz

Нурбанк

Nurbank Visa Platinum және Visa Infinite карталарын күрделі бонус жүйесінсіз, базалық премиум қызмет іздейтін клиенттерге ұсынады. Карталар теңге, доллар және еурода шығарылады, жарамдылық мерзімі үш жыл. Қолма-қол ақша шешу Visa Platinum бойынша айына 1 млн теңгеге дейін, Visa Infinite бойынша 5 млн теңгеге дейін тегін. Лимиттен асқанда комиссия 0,9%.

Nur24.kz қосымшасы арқылы банк ішіндегі аударымдар тегін, ал басқа банктерге аударымдар комиссиямен жүзеге асады. Жалпы аударым лимиті айына 4 миллион теңге.

Фото: Stan.kz

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 19 Ақпан, 2026 18:27