Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

15 жүк көлігімен сыналған: Қазақстандағы ең ұзын көпірдің беріктігі тексерілді

Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін ұзындығы 1316 метр болатын екі жолақты көпір арнайы сынақтан өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Көлік министрлігінің баспасөз қызметі

Көлік министрлігінің мәліметінше, бұл — Қазақстандағы ең ұзын көпір. Көпір құрылысын тексеру үшін жалпы жүктемесі 450 тонна болатын 15 жүк көлігі тартылды. Арнайы құрылғылар көпірдегі деформация, діріл (вибрация) және жүктемені бөлу көрсеткіштерін тіркеп алды.

Сынақ нәтижелері Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін жаңа көпірдің барлық нормативтік қауіпсіздік талабына сай келетінін және үлкен жүктемелерге төтеп бере алатынын растады.

Айта кетейік, екі жолақты көпір Шығыс Қазақстан облысының Жарма, Катонқарағай, Күршім, Көкпекті, Зайсан және Алтай аудандары арасында көліктердің жыл бойы үздіксіз жүруі үшін қажет.



Еске салайық, бұған дейін Семейдің символы – "жаңа" көпір тағы да жанжалдың ортасында қалғанын жаздық. Бюджеттен 100 миллион теңге жұмсалып жасалған жөндеу бар болғаны бір аптаға шыдады. Көпір Жапонияның Қазақстанға 157,7 миллион доллар көлемінде несие беруінің арқасында бой көтерген еді. Салушылар –  жапониялық IHI компаниясы мен түрік мердігері Alsim Alarko жергілікті тұрғындарға шетелдік сапаның қаншалықты мықты екенін көрсетті. Алайда бар болғаны алты жыл белсенді пайдаланудан кейін "жаңа" деген лақап аты бар көпірдің жағдайы айтарлықтай нашарлады. 2007 жылы билік аспалы көпірді пайдалануға жауапты компания құрылды. Бірақ шенеуніктер жылына оны ұстауға қажет 450 миллион теңгенің қала бюджетінде жоғын айтты.

Талқылау