Қазақстандағы ең бай әйел Ресей азаматтығынан бас тартты
Қазақстандағы ең бай әйел Айдан Сүлейменова Ресей төлқұжатынан бас тартты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: The-steppe.com
11 шілдеде Ресей президенті Владимир Путин "Ресей азаматтығына қабылдау және Ресей азаматтығынан шығу туралы" жарлыққа қол қойды. Құжат бойынша Айдан Сүлейменова ресейлік төлқұжатынан бас тарту туралы өтініш берген.
Айдан Сүлейменова – Қазақстанның тұңғыш Сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменовтың қызы және қазақстандық кәсіпкер Данияр Әбілғазиннің әйелі.
Forbes мәліметінше, Сүлейменова – ADD Invest Properties компаниясының иесі. Ол арқылы жұбайы Құлыбаевтармен бірге астанадағы Keruen City сауда орталығы мен Talan Gallery сауда орталығына иелік етеді. Сондай-ақ " Keruen" сауда орталығындағы үлесі бар. Серіктестік қоржынында Ақтөбедегі "Keruen City" сауда орталығының 50 пайызы да бар. Айдан Сүлейменова "Аяла" қайырымдылық қорын да басқарады.
2023 жылдың соңында Сүлейменова 4,3 миллиард теңге табыспен ең табысты жалға берушілер рейтингінде сегізінші орынды иеленді.