Қазақстандағы депозиттік мөлшерлемелер өсіп жатыр
Ұлттық банктің ақша-несие саясатындағы өзгерістерге байланысты қазақстандық банктер теңгелік депозиттер бойынша мөлшерлемелерді көтеріп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының мәліметінше, әр банк депозиттік өнімдер бойынша мөлшерлемелерді өзінің ішкі саясатына сәйкес дербес белгілейді. Бұл шешімдерге Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі, бәсекелестердің ұсыныстары және халық салымдарын тарту мен жүйелік тәуекел салымдарын қоса алғанда, қосымша шығындар арасындағы тепе-теңдікті сақтау қажеттігі әсер етеді.
2025 жылдың 30 желтоқсанындағы жағдай бойынша пайыздық мөлшерлемелердің өсуі депозит нарығының бірнеше сегменттерінде тіркелді.
Мөлшерлемелер ең көп қай сегменттерде өсті?
Депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктердің сайттарына жүргізілген мониторинг нәтижесіне сәйкес, желтоқсан айында салымдардың барлық негізгі түрлері бойынша өзгерістер болған:
- талап етілгенге дейінгі депозиттер бойынша мөлшерлемелерді 2 банк көтерген;
- толықтыру мүмкіндігі бар мерзімді депозиттер бойынша – 3 банк;
- толықтыру мүмкіндігі бар жинақ депозиттері бойынша – 7 банк;
- толықтыру мүмкіндігі жоқ жинақ депозиттері бойынша – 5 банк.
Ең айқын өсім мерзімді және жинақ депозиттері сегментінде байқалады. Бұл салымдар бойынша ең жоғары кірістілік жылына 20–20%-ға жеткен. Мұндай мөлшерлемелерді бірнеше банк негізінен 3–6 айлық қысқа мерзімге.ұсынады.
Қорда банктер мерзімінен бұрын алу немесе толықтыруға шектеу қойылған депозиттер үшін жоғары пайыз төлеуге дайын екенін түсіндірді. Себебі мұндай қаражат банктер үшін тұрақты қаржыландыру көзі саналады.
Талап етілгенге дейінгі депозиттерге не болды?
Талап етілгенге дейінгі депозиттер қазақстандықтар арасында ең танымал өнім болып қала берді. Бұл қаражатты еркін толықтыру және шешіп алу мүмкіндігімен байланысты.
2025 жылы Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі 15,25%-дан 18%-ға көтерілгеннен кейін банктер бұл салымдар бойынша шарттарды белсенді түрде қайта қарады.
Жыл басында талап етілгенге дейінгі депозиттер бойынша ең жоғары мөлшерлеме шамамен 15% болса, желтоқсан айына қарай ол 16,9%-ға дейін өсті. Нарықтағы орташа мөлшерлеме 1,1%-дық тармаққа артып, 15,3% болды. Мұндай салымдарды ұсынатын банктер саны 16-дан 18-ге дейін көбейген.
Банктер арасындағы бәсеке күшейіп келеді
2025 жылы мерзімді депозиттер сегменті де айтарлықтай өсті. Мұндай салымдарды ұсынатын банктер саны 4-тен 7-ге дейін, ал ең жоғары мөлшерлеме 16,7%дан 20%-ға дейін артты.
Мұндай үрдіс жинақ депозиттері бойынша да байқалады. Толықтыру мүмкіндігі жоқ жинақ салымдары сегментінде ең жоғары мөлшерлеме 18,5%-дан 20,5%-ға дейін өскен. Жалпы, жыл соңына қарай 11 банк депозиттердің түрлі түрлері бойынша 20% деңгейінде кірістілік ұсынып отыр.
Салымшылар нені ескеруі керек?
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры салым таңдағанда тек жоғары пайызға ғана емес, шарт талаптарына да назар аударуға кеңес береді. Атап айтқанда, қаражатты толықтыру, ішінара немесе мерзімінен бұрын алу мүмкіндігі, банктің қаржылық тұрақтылығы маңызды.
- Қор кепілдендірілген өтемақы мөлшерлерін де еске салды:
- теңгедегі жинақ депозиттері бойынша — 20 миллион теңгеге дейін;
- ұлттық валютадағы басқа депозиттер бойынша — 10 миллион теңгеге дейін;
- шетел валютасындағы депозиттер бойынша — 5 миллион теңгеге дейін.
Егер салымшының бір банкте бірнеше депозиті болса, өтемақы белгіленген лимиттер шегінде, бірақ жиынтығында 20 миллион теңгеден аспайтын мөлшерде төленеді.