Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандағы әуежайларда тасымалдауға тыйым салынған заттарға қатысты жаңа ереже енгізілді

Қазақстандағы әуежайларда тасымалдауға тыйым салынған заттарға қатысты жаңа ереже енгізілді
Фото: depositphotos.com

Қазақстандағы әуежайлар енді жолаушылардан тексеріс кезінде тәркіленген тасымалдауға тыйым салынған заттарды сақтамайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұл шешім жолаушыларға қызмет көрсету процесін оңтайландыру үшін қабылданды.

"Жолаушыларға әуе көлігімен тасымалдауға тыйым салынған заттардың тізімімен алдын ала танысып шығу ұсынылады. Толық ақпарат әуе компаниялары мен әуежайлардың ресми сайттарында, сондай-ақ тіркеу және тексеру пункттерінде бар. Мысалы, қол жүгінде тасымалдауға тыйым салынған заттар қатарына сыйымдылығы 100 миллилитрден асатын сұйықтықтар, аэрозольдер, гельдер және өзге де қауіпті заттар жатады", – делінген көлік министрлігінің хабарламасында.


Қазақстандықтар Сеул әуежайында қалып қойды: Air Astana рейсі тәулікке кейінге шегерілді


Авиациялық қауіпсіздік талаптарына сәйкес зауыттық қаптамасы жоқ өнімдерді тасымалдауға рұқсат етілмейді. Атап айтқанда, бұл бал, джем, сүт және үй жағдайында дайындалған басқа да өнімдерге қатысты. Мұндай заттар тексеру кезінде тәркіленеді.

"Тәркіленген немесе авиациялық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін заттарды жолаушылар шығарып салушы азаматтарға қалдыра алады. Қарапайым ережелерді сақтау –  ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, әуежайдағы жағдайды барынша қолайлы етеді", – делінген ақпаратта. 

Еске салсақ, осыған дейін Алматы әуежайындағы барлық дүңгіршек кәсіпкерлердің наразылығына қарамастан бұзылатыны туралы жазғанбыз.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 27 Тамыз, 2025 20:01
Талқылау