Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда ГПХ-пен жұмыс істеген әйелдер енді декреттік төлем ала алады

Фото: freepik.com

Сенат еңбек құқықтарын қорғауды күшейтетін заңды қабылдады. Енді азаматтық-құқықтық шарттарды (ГПХ) еңбек қатынастарының орнына қолдануға тыйым салынады. Заң талаптары бұзылған жағдайда жұмыс берушілерге қатаң айыппұлдар қарастырылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстанда еңбек құқықтарын қорғау күшейтілді. Сенат еңбек кодексіне енгізілген түзетулерді мақұлдады. Өзгерістер, ең алдымен, азаматтық-құқықтық шарттарға қатысты. Енді қызметкер мен жұмыс беруші арасында нақты еңбек қатынастары болса, азаматтық-құқықтық шарттарды қолдануға болмайды. Сонымен қатар, мұндай шарттардың заңсыз қолданылуын анықтайтын нақты белгілер де айқындалды.

Еңбек құқығы саласындағы заңгер Татьяна Селезневаның айтуынша, өзгерістер ең алдымен қызметкерлердің құқықтарын қорғауға бағытталған.

"Тәжірибеде көптеген қызметкерлер кеңседе белгіленген жұмыс уақытында еңбек етіп, жалақы алғанымен, әлеуметтік кепілдіктерден қағылып келген. Қызметкерлер өтемақы төлемдерінен айырылып келді. Әсіресе, жүктілік пен босану демалысына шығатын әйелдер, бала үш жасқа толғанға дейінгі демалыс сияқты әлеуметтік кепілдіктерден қағылды. Енді қызметкерлердің құқықтары күшейеді, себебі оларға еңбек демалысы кепілдендіріледі. Ал ГПХ шартында мұндай мүмкіндік болмаған", – деді заңгер.

Ал салық сарапшысы Айдар Масатбаевтың айтуынша, ГПХ шарты бойынша жұмыс беруші еңбек шартымен бірдей көлемде салық пен төлемдер жасайды. Сондықтан жаңа заңның басты мақсаты – еңбек қатынастарын жасырын түрде рәсімдеудің алдын алып, қызметкерлердің құқықтарын қорғау.

"Бұл жерде қосымша салық есептеулер болмайды. Негізгі өзгерістер еңбек қатынастары саласына қатысты. Алайда қызметкерлерді өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарына заңсыз ауыстыру тәуекелі бар. Жұмыс берушілер осыны ескеріп, мұндай жағдайларға жол бермеуі тиіс. Жаңа түзетулерге сәйкес, енді жалғызбасты ата-аналарды, 14 жасқа дейінгі баласы бар болса, жұмыс берушінің бастамасымен жұмыстан шығаруға тыйым салынады. Бұл норма әлеуметтік тұрғыдан осал топтарды қорғауды күшейтуге бағытталған", – дейді салық сарапшысы.

Сондай-ақ өндірістегі жазатайым оқиғалар кезінде қызметкердің кінәсі 25 пайыздан аспауы тиіс екені заңмен нақты бекітілді.



Еске салайық, бұған дейін мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов қызметкерлерді азаматтық-құқықтық келісімшарт (ГПХ) арқылы жұмысқа алуға шектеу қоюды ұсынған еді. Оның айтуынша, мұндай тәжірибе жұмысшыларды әлеуметтік төлемдерден зейнетақы жарналары, МӘМС және еңбекке жарамсыздық төлемдерінен қағуға әкеледі. Әсіресе, бұл тәсілді ірі компаниялар жиі қолданатыны айтылған.

Айым Атамбаева
Сенбі, 21 Наурыз, 2026 12:35