Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда жұмыс берушілер еңбек жағдайларын өзгертсе қызметкерлерге жазбаша түрде хабардар етуге міндеттеледі

Фото: freepik.com

Мәжіліс депутаттары еңбек заңнамасын жетілдіруге қатысты түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мәжіліс отырысында Еңбек кодексіне бірқатар жаңа нормалар енгізу ұсынылып отырғаны айтылды. Бұл өзгерістер:

  • еңбек саласында қызметкерлердің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға бағытталған нормаларды енгізу арқылы еңбек заңнамасының қағидаттары мен кепілдіктерін толықтыруға;
  • Әкімдіктердің өңірлік деңгейде әлеуметтік әріптестікті ұйымдастыру жөніндегі өкілеттіктері бекітіледі. Сонымен қатар олар мемлекеттік еңбек инспекциясымен, жұмысшылар және жұмыс берушілер өкілдерімен өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді. Одан бөлек, әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі өңірлік үшжақты комиссиялардың қызметін ұйымдастыру міндеті жүктеледі;
  • қызметкердің соңғы жұмыс күнін анықтау тәртібін нақтылауға, егер ол уақытша еңбекке жарамсыздық кезеңімен немесе әлеуметтік демалыспен сәйкес келсе;
  • қызметкердің ауысым алдындағы медициналық тексеруден өтуге жұмсаған уақытына ақы төлеуді белгілеуге (оның мөлшері ұжымдық шартта немесе жұмыс берушінің актісінде айқындалады);
  • жұмыс берушінің еңбек жағдайлары өзгерген жағдайда қызметкерді жазбаша түрде хабардар ету міндетін белгілеуге;
  • жұмыс берушінің пайдаланылып жатқан барлық негізгі құралдарды (ғимараттар, жабдықтар, көлік құралдары және өндірістік процесте қолданылатын өзге де еңбек құралдары) қолданыстағы қауіпсіздік талаптарына сәйкестендіру міндетін бекітуге;
  • қызметкердің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзу тәртібін реттеуге, атап айтқанда материалдық жауапты тұлғалар үшін еңбек қатынастары тоқтатылатын күнді және жұмыс берушінің мүлкін (құжаттарын) тапсыру-қабылдау рәсімін аяқтау шарттарын айқындауға;
  • мемлекеттік еңбек инспекторлары үшін еңбек қатынастары, қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, әлеуметтік әріптестік саласында біліктілігін тұрақты түрде арттыру міндетін енгізуге;
  • еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың құқықтарын бекітуге бағытталған.

Сонымен қатар “Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы” заңға да өзгерістер енгізіледі. Атап айтқанда, жергілікті басқару органдарының еңбек, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз ету міндеті белгіленеді.

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 18 Наурыз, 2026 14:33