Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда журналистика факультеттерін жабу ұсынылды

Алматыда медиа-қауымдастық өкілдері ЖОО-ларда журналист мамандарды дайындау мәселесін талқыға салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Журналистика саласы депрессияда. Кәсіби білікті мамандар жоқтың қасы. ҚазҰУ-дан басқа университеттерде журналистика факультеттерін жабу керек. Басқалары талабы, дарыны жоқ мамандарды шығарып жатыр. Тек ҚазҰУ-дан шыққан санаулы азаматтарды ғана мықты журналист деп айтуға болады, қалғаны мұғалім, оқытушы бола алады», – деді «МедиаАльянс» қоғамдық бірлестігінің тең құрылтайшысы Арман Шораев.

 

«ҚР Білім және ғылым министрлігі лицензияны оңды-солды шашып жатыр. Ол жерде сыбайлас жемқорлық та жоқ емес. Қостанайда журналистиканы оқытатын 15-20 профессор бар ма? Журналистиканы тек практика жүзінде үйренуге болады», – деді ол.

Айгүл Ниязғұлова айтылған сынға қарсылық білдірді.

«Бізді ештеңе оқытпайды деген сын бізге ауыр тиеді. Журналистиканы оқыған маманның басқалардан ерекшелігі – технологияны меңгеріп шығады. Егер кей адамдарға белгілі бір ЖОО-лардың маман даярлауы ұнамайтын болса, жалпы отырып шешу керек», – деді Халықаралық ақпараттық технологиялар институтының кафедра меңгерушісі Айгүл Ниязқұлова.

ҚР БҒМ өкілдері жұмыс берушілердің талабы тым жоғары екендігін айтты.

«Редакциялар бакалавриаттан дайын маман келеді деп күтеді. Бірақ бакалавриаттың әу-бастағы міндеті – үйренуге үйрету. Түлектер практикалық тәжірибемен ғана маманға айналады. Нарық пен білім беру саласының арасы алшақтап кеткен. Қазір барлық салада мүмкіндік бар. ЖОО-ларда шеберлік сағаттары өтеді. Журналистика факультеттерін ешкім жаппайды. Оны жаңғырту керек», – деді ҚР БҒМ кеңесшісі Майраш Тайкенова.

«Көп жағдайда жаңсақ пікір айтылып жатады. Медиакеңістік күнде өзгеріп келеді. Мәселен, ОҚО-да 150-ден астам газет-журнал шығады. Кей жағдайда олардың тиражы республикалық басылымдардан асып кетеді. Біз орталық қалаларға қарап бой түземеуіміз керек, интернеттен гөрі газеттер әлі де сұранысқа ие шағын қалалар да бар. Ең бастысы факультеттерде өзгеріп жатқан медиакеңістіктің талаптарынан қалып қоймай, заман көшіне ілесіп отырған абзал»,-  деді ҚР Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Алан Әжібаев.

Жиын барысында БАҚ басшылары, ЖОО өкілдері, қос министрлік өкілдері журналист мамандардың біліктілігін қалай арттыру мәселесін жан-жақты талқыға салды.

Тағы да оқыңыз:

Сұлтанмахмұт Торайғыров ғашық болған ару кім?

 

Талқылау