Қазақстанда жыл басынан бері 65 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектісі жабылған

Ұлттық статистика бюросы Қазақстанда жыл басынан бері 64 200 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі қызметін тоқтатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Сарапшылардың айтуынша, кәсіпорындар санының қысқаруы экономикалық қысымның күшеюімен байланысты. Барлық кәсіпкерлер жаңа жағдайларға бейімделе алған жоқ.
Ресми деректерге сәйкес, жабылған кәсіпкерлік нысандарының басым бөлігі жеке кәсіпкерлер. Олардың саны шамамен 5%-ға азайған. Ең көп төмендеу көлік және қоймалау, сондай-ақ сауда салаларында байқалған. Мамандар бұл көрсеткішті аса қауіпті емес, бірақ алаңдатарлық белгі деп бағалайды. Кей жағдайларда бұл бизнес құрылымын "бөлшектеу" тәжірибесінің тоқтауымен байланысты. Бұрын кей компаниялар салық жүктемесін оңтайландыру үшін қосымша жеке кәсіпкерліктер ашатын.
Экономист Расул Рысмамбетовтың пікірінше, кейбір ірі және орта бизнес өкілдері мұндай тәжірибеден бас тартып, қосалқы құрылымдарын жапқан.
"Ірі және орта бизнес өкілдері қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша шегерім жасай алмайды. Сондықтан жабылған компаниялардың ішінде бір жағынан нақты жұмыс істеген кәсіпорындар болуы мүмкін, ал екінші жағынан тек айналып өту схемалары үшін құрылғандары да бар", – деді Расул Рысмамбетов.
Сонымен қатар кей жабылған кәсіпорындар нақты қызмет атқармаған, тек айналып өту схемалары үшін құрылған болуы мүмкін.
Қосымша қысым ретінде жиынтық сұраныстың төмендеуі де әсер етіп отыр. Қазақстандықтар тауарлар мен қызметтерді сирек тұтынатын болған. Қаңтар-ақпан айларында ішкі сауда өсімі 3,4% болды. Былтыр бұл көрсеткіш 6% болған еді. Тұтынушылық белсенділіктің төмендеуі ең алдымен шағын бизнеске әсер етіп жатыр. Ірі сауда желілері ауқымы мен ресурстарының арқасында позициясын сақтап тұрғанымен, жеке кәсіпкерлердің табысы азайып келеді.
"Ұлағат Консалтинг Групп" директоры Марат Қайырленовтің айтуынша, мұндай деңгейдегі төмендеу соңғы 30 жылда болмаған.
"Соңғы төртінші тоқсандағыдай мұндай құлдырау шамамен 30 жыл бойы болмаған. Бұл үрдіс қаңтар мен ақпан айларында да жалғасады деп күтілуде. Соның салдарынан жиынтық сұранысқа соққы тиіп отыр. Осыған байланысты бизнес те жабыла береді. Нарық құрылымы өзгеріп, енді негізінен тек бірінші кезектегі қажеттіліктерге, яғни азық-түлікке басымдық берілетін болады", – деді Марат Қайырленов.
Сарапшылардың пікірінше, кәсіпорындар санының қысқаруы жақын уақытта да жалғасуы ықтимал. Қазір нарық трансформациядан өтіп жатыр. Ал жаңа экономикалық жағдайларға бейімделе алған тұрақты компаниялар ғана сақталып қалады.
- "4 миллион теңге күйіп кетті": Мерекеде қызғалдақ сатқан қазақстандық кәсіпкерлер биыл шығынға батқан
-
Нұрлан Сабыровтың жұбайы Ресейдегі кәсібін жаба бастады – БАҚ
Еске салайық, бұған дейін қаржы министрі Серік Жұманғарин “салық реформасынан азаматтардың мемлекетке деген сенімі жоғалды ма” деген сұраққа жауап берді. Министр керісінше, сенімді арттырғанын және алдағы уақытта салық кодексіне жаңа түзетулер енгізілетінін айтты.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бір киіз үйді 13,5 миллион теңгеге сатып алған