Қазақстанда қант бағасы күрт өскен
25 ақпан мен 4 наурыз аралығында Қазақстанда қант бағасы 1,4%-ға қымбаттаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Соңғы рет осындай баға динамикасы 2024 жылғы сәуірде, одан бұрын 2022 жылдың тамызында тіркелген болатын. Бұл тенденцияға Бірінші несиелік бюро (ПКБ) назар аударды.
Қазақстанның кейбір қалаларында қант бағасының өсуі бұдан да жоғары болды. Мысалы, Өскемен, Павлодар және Петропавл қалаларында қант бір аптаның ішінде 3,4%-ға қымбаттаған.
ПКБ мәліметінше, қант бағасы қаңтар айының ортасынан бастап көтеріле бастады және осымен жетінші апта қатарынан өсіп келеді.
Қазақстандықтар негізінен Ресейден әкелінген импорттық қант тұтынады. 2024 жылдың қорытындысы бойынша, отандық өнімнің үлесі небәрі 26%-ды құрады.
2024 жылдың екінші жартысында қант бағасы тұрақты болғанына қарамастан, Қазақстан импортты айтарлықтай арттырып, өз өндірісін азайтқан. Алайда, биылғы баға динамикасы керісінше үрдісті көрсетіп отыр.
Қазіргі уақытта Қазақстанда төрт қант зауыты жұмыс істейді. Олардың жалпы тәуліктік өңдеу қуаты 8,7 мың тонна қант қызылшасы мен 2,4 мың тонна құрақ шикізатын құрайды. Екі зауыт өндірістік қуатын арттыру үшін жаңғырту жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, Тимур Құлыбаевқа тиесілі "Кипрос" компаниясы арқылы басқарылатын "К-Агро Холдинг" және "Бәйтерек" холдингі елде бесінші қант зауытын салуды жоспарлап отыр. Үкіметтің пікірінше, бұл қант импортына тәуелділікті біртіндеп төмендетуге көмектеседі.
Еске салсақ, осыған дейін Қазақстанда азық-түлік бағасы қымбаттағанын жазғанбыз.