Қазақстанда жер сілкінісін алдын ала ескерту жүйесі құрылады: Тоқаев қауіпсіздік туралы заңға қол қойды
Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы "Азаматтық қорғау, электр энергетикасы және мемлекеттік мүлікті басқару мәселелері” бойынша заңға қол қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Заң арқылы Жер, Орман, Кәсіпкерлік, Бюджет, Су кодекстеріне, сондай-ақ "Азаматтық қорғау туралы", "Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы", "Құқық қорғау қызметі туралы", "Мемлекеттік мүлік туралы" заңдары мен басқа да нормативтік-құқықтық актілерге өзгеріс енгізіледі.
Түзетулердің бірінші блогы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейін арттыруға бағытталған.
Орман өрттеріне жедел ден қою мақсатында мемлекеттік органдар мен ұйымдарды өрт сөндіруге тарту тәртібі регламенттелді. Басқару және өзара іс-қимыл алгоритмі айқындалды.
Адамдар жаппай баратын объектілер мен биіктігі 28 метрден асатын ғимараттар пайдалануға қабылданар алдында міндетті түрде азаматтық қорғау органдарының өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі жөнінде қорытынды алуға міндеттеледі.
Өрт автоматикасы жүйелерін монтаждау, жүргізу және техникалық қызмет көрсету қызметтерін жүзеге асыру үшін енді Төтенше жағдайлар министрлігінің рұқсаты қажет. Адамдар көп баратын, ауданы 2 мың шаршы метрден асатын объектілердің иелері үшінші тұлғалардың өміріне, денсаулығына және мүлкіне зиян келтіргені үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілік жүктейтін сақтандырудың үлгілік шартын жасауға міндеттеледі.
Заңда өрттің алдын алу және сөндіру жөніндегі іс-шараларға өз еркімен қатысатын адамдарды әлеуметтік қорғау кепілдіктері мен шаралары көзделген. Яғни олардың жұмыс орны мен орташа жалақысы сақталады. Егер еңбек қатынасында болмаса, оларға ең төменгі жалақы мөлшерінде төлем жасалады.
Заң жергілікті атқарушы органдарды дала өртін, мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ елді мекендердегі өртті жою үшін тартылатын күштер мен құралдарды жанар-жағармаймен және тамақпен қамтамасыз етуді міндеттейді. Түзетулердің екінші блогы өнеркәсіптік қауіпсіздікті жетілдіруге бағытталған.
Өнеркәсіптік қауіпсіздікке тексерулер жүргізудің ерекше тәртібі мен жедел ықпал ету шаралары қарастырылған. Тәуекел дәрежесіне қарай бақылау және қадағалау субъектілері (объектілері) тәуекел дәрежесі жоғары және тәуекелдің жоғары дәрежесіне жатпайтын субъектілер (объектілер) болып бөлінеді.
Тәуекел дәрежесі жоғары субъектілер (объектілер) жыл сайын тексеріледі, ал ол санатқа жатпайтын субъектілер кемінде 3 жылда бір рет тексеріледі.
Тексерулер жұмыстан тыс уақытта (түнгі уақытта, демалыс, мереке күндері) жүргізілуі мүмкін.
Түзетулердің үшінші блогы төтенше жағдайдың алдын алу және жою мәселелерін жетілдіруге бағытталған.
Төтенше жағдайдың алдын алу жөніндегі іс-шаралардың орындалуына бақылауды күшейту үшін ТЖМ-ге мемлекеттік бақылау өкілеттігі беріледі. Адамдардың өмірі мен денсаулығын, инфрақұрылым объектілерін, ғимараттар мен құрылыстарды жер сілкінісінен қорғау мақсатында
Заңда:
– сейсмологиялық станциялар желісін және автоматтандырылған ерте хабарлау жүйесін кеңейту және жаңғырту;
– іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер, ғылыми болжамдар жүргізу;
– сейсмикалық қауіпті аймақтарда жер сілкінісіне төзімді құрылыс жүргізу және ғимараттар мен құрылыстарды сейсмикалық тұрғыдан нығайту, сондай-ақ сейсмологиялық мониторинг жүргізу шаралары көзделген.
Заңда сондай-ақ Үкімет жанындағы жұмыс органы болып саналатын жаппай немесе өңірлік ауқымдағы төтенше жағдайды жою жөніндегі Республикалық жедел штаб қызметінің тәртібі регламенттелген.
– Жергілікті немесе объекті ауқымындағы төтенше жағдай кезінде әкімдерге табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялау өкілеттігі берілді. Бұл зиянды өтеу және тұрғын үй объектілерінің инфрақұрылымын қалпына келтіруге байланысты уақтылы шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Түзетулердің төртінші блогы азаматтық қорғаныс жүйесін жетілдіруге бағытталған.
Енді орталық және жергілікті атқарушы органдардан бөлек, Республика Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар да азаматтық қорғаныс іс-шараларын жүргізеді.
Жергілікті атқарушы органдарға ТЖМ-нің аумақтық бөлімшелеріне халықты азаматтық қорғанысқа даярлау және оқыту орталықтарын құруға, сондай-ақ жарақтандыруға жәрдем көрсету құқығы берілді. Бұл осы мақсаттарға жергілікті бюджеттен қаражат бөлуге мүмкіндік береді.
Түзетулердің бесінші блогы құтқарушылардың мәртебесін көтеру, оларға тұрғын үй төлемдері мен көтерме жәрдемақы беру, еңбекақы мөлшерін арттыру, сондай-ақ әскери немесе төтенше жағдай кезеңінде жұмыс істегені үшін материалдық ынталандыру шараларын әзірлеу туралы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауға бағытталған.
Түзетулердің алтыншы блогы мемлекеттік мүлікті басқару мәселелерін және электр энергетикасы саласын жетілдіруге бағытталған.
Заң мәтіні баспасөзде жарияланады.

"Аузымыз ашылып қалды": Қазақстандық компания өзінің 110 қызметкеріне Вьетнамға жолдама сыйлап, көпшілікті тәнті етті
